«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева әйел кәсіпкерлердің Women in Business халықаралық форумында сөз сөйледі
Бүгін Алматы қаласында 300-ден астам табысты әйелдерді, ірі компаниялардың басшыларын, оңтүстік астананың қоғам қайраткерлерін, банктер мен даму институттары өкілдерінің басын қосқан дәстүрлі Women in Business форумы өтті. Форумға қатысушылар әйелдердің бизнес ортасын дамытудың ең өзекті мәселелерін ортаға сап, бизнеске арналған қаржы құралдары, Қазақстан экономикасы мен әйелдердің бастамаларын дамыту үшін макроэкономикадағы негізгі трендтерді талқылады.
«Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары» панельдік сессиясы аясында сөз алған «Даму» Қорының Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева Қор арқылы жүзеге асырылып жатқан әйелдер кәсіпкерлігіне арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.
«Даму» Қоры қолдаған жобалардың жалпы санының 47%-ы кәсіпкер арулар үлесінде. Олардың басым бөлігі елдің оңтүстік өңірлері –Түркістан, Жамбыл және Алматы облысына тиесілі. Әйел кәсіпкерлердің көпшілігі қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және өңдеу өндірісіне белсенді. Заманауи кәсіпкер арулар мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, компанияларын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып жатқаны қуантады»,—дейді Гаухар Бурибаева.
Өз сөзінде төрайым 2024 жылы кәсіпкер аруларға арналған «Үміт» атты бағдарлама іске қосылатынын хабарлады.
«Даму» Қоры өз қызметі барысында кәсіпкер әйелдердің несие сомасы 2893 млрд теңгеден асатын 96 мың жобасына қолдау көрсетті.