menu
Жабу

Кеңес ал!

«Еркемай»: Балалық шақ күлкімен басталатын мекен

10.09.2025

2022 жылдың қаңтар айында Байсупова Мадина Гарифоллақызының басшылығымен «Zhaily» ЖШС мемлекеттік мүлік – Ақтау қаласындағы бұрынғы «Еркемай» балабақшасының ғимараты бойынша сенімгерлік басқаруға 28 жыл мерзімге келісімшартқа отырды. Жоба нөлден басталды, бірақ ауқымды мақсатпен: мектепке дейінгі тәрбиелеу саласындағы заманауи талаптарға сай келетін кең әрі қолжетімді балабақша ашу. Бизнес ашу идеясы нақты қажеттіліктен туындады — қалада балабақшаларға кезек өте жоғары болатын. Осы сұранысты байқаған Мадина Байсупова ауқымды іске кірісуге шешім қабылдап, жобаға 1 миллиард теңгеге дейін қаражат салды. «Еркемай» балабақшасының басты ерекшелігі — жайлылық пен қолжетімділікке бағытталуы: тек сапалы мектепке дейінгі білім беріп қана қоймай, ата-аналарға үйден шықпай-ақ өзіне ыңғайлы балабақшаны таңдауға мүмкіндік беретін INDIGO автоматтандырылған сервисі арқылы онлайн тіркеу жүйесін енгізу. Жоба іске қосылған сәттен бастап бизнес үш есеге өсті. Қызметкерлер саны 15-тен 45 адамға дейін артты. Балабақша толық пайдалануға беріліп, бүгінде 275 балаға қызмет көрсетуде. Жетістіктердің бірі — ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, бұл жұмыс мемлекеттік қолдау аясында тартылған қаржыландыру арқылы іске асты. Бұл кәсіпкердің қаржылық жүктемесін азайтып, стратегиялық мақсаттарға жылдамырақ қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Мемлекеттік қордың қолдауы жобаның табысты жүзеге асуына үлкен үлес қосты: балабақша өз уақытында ашылып, ата-аналар тарапынан жоғары бағаланып, өңірдегі тұрақты әлеуметтік кәсіпкерліктің үлгісіне айналды. Болашақ жоспарлары – Ақтау қаласында 500 орынға арналған тағы екі филиал ашып, сапалы мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін кеңейту. Мадина Байсупованың сөзімен айтсақ: «Тамаша сәтті күтпе — дәл қазір баста». Ал бизнес бастау туралы ойлап жүргендерге ол: «Қателіктен қорықпаңыз — тәжірибе мен өсу дәл сол арқылы келеді», – дейді.

2022 жылы компания «2021–2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында «Нұрбанк» АҚ-ның қолдауымен балабақшаны жөндеу жұмыстарына көмек алды. Несие мөлшерлемесі жылына 21% құрады, оның 6%-ын кәсіпкердің өзі төлесе, 15%-ын «Даму» қоры субсидиялады.

Мекенжай: Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 26-шағын аудан, уч. №44
Тел: +7 702 179 00 04

Instagram: @erkemaii2023