menu
Жабу

Кеңес ал!

Көкшетауда жасалған: «АгроСтрой» кәсіпорнының өсу тарихы.

09.09.2025

«АгроСтрой» ЖК – бұл ауыл шаруашылығы машиналарын жасаумен табысты айналысып келе жатқан, он жылдан астам тарихы бар қазақстандық кәсіпорын. 2011 жылы Лидия Швецова жұбайымен бірге негізін қалаған компания шағын жүк тасымалдау қызметінен бастап, бүгінде бүкіл елге танымал ауыл шаруашылығы техникасын өндірушіге айналды.

Өз ісін бастамас бұрын Лидия жеке компанияда менеджер болып жұмыс істеген. Өсуге деген ұмтылыс, тәуелсіз болу және өз идеяларын жүзеге асыру ниеті ерлі-зайыптыларды жеке кәсіп ашуға итермеледі. Бастапқыда бар-жоғы 1 миллион теңгеден аз қаражатпен тек бір бағытта — жүк тасымалдау қызметінен бастады.

Үш жылдан кейін, 2014 жылы компания ауыл шаруашылығы техникасына қосалқы бөлшектер сатумен айналыса бастады, ал 2015 жылы маңызды қадам жасап — топырақ өңдеу мен шөп жинауға арналған ауылшаруашылық құралдарын өндіруді іске қосты. Алғашқы өнімдер нарық тарапынан жоғары сұранысқа ие болып, өндірісті кеңейтуге түрткі болды.

Бүгінде «АгроСтрой» ЖК – бұл аймақтағы өз ауыл шаруашылығы агрегаттарын жобалап, өндіретін санаулы кәсіпорындардың бірі. Өнімдер жергілікті климат пен топырақ ерекшеліктеріне бейімделіп жасалады. Әсіресе, БЗГ маркалы тістермен жабдықталған гидрофикацияланған тырмалар (ені 24 метрге дейін) фермерлер арасында кең сұранысқа ие. Сондай-ақ, өнім қатарында соқалар мен дискілі агрегаттар бар.

Кәсіпорын жанындағы қосалқы бөлшектер дүкені фермерлердің техниканы жөндеу және қызмет көрсету бойынша жедел қажеттіліктерін өтеуге көмектеседі.

Өндіріс іске қосылған сәттен бастап компанияның қызметкерлер саны 2 адамнан 20-дан астам адамға дейін өсті. Түскен табыс бірнеше есе артты, ал өнім тек Көкшетауда ғана емес, басқа өңірлерде де танымал бола бастады. Компания дамуының негізгі кезеңдерінің бірі — «Даму» қорынан қаржылық қолдау алу болды.

«Даму» қоры «АгроСтрой» ЖК-ның дамуына 2020 жылдан бастап 2025 жыл аралығында елеулі үлес қосты және бұл қолдау алғаш рет көрсетіліп отырған жоқ. Бұған дейін кәсіпорын бірнеше рет инвестициялық мақсаттар мен айналым қаражатын толықтыру үшін мемлекеттік қолдауға — субсидиялар мен кепілдіктерге ие болды. Бұл шаралар өндірісті жаңғыртуға, жабдықтар сатып алуға және өндірістік қуаттылықты арттыруға ықпал етті.

2025 жылы компания қайтадан «Даму» қорынан қолдау алып, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-нан «Өрлеу» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы бойынша несие рәсімдеді. Қаражат айналым қаражатын толықтыруға бағытталды, бұл әсіресе жоғары сұраныс кезеңінде өте өзекті болды. Бағдарлама аясында несие бойынша клиент үшін соңғы мөлшерлеме 12,6% болып белгіленіп, қаржыландыру қолжетімді әрі тиімді шешімге айналды.

Сонымен қатар, «Кепілдендірілген қор 1» үлкен рөл атқарды — ол несие сомасының 71,89%-ын кепілдеп, банк үшін тәуекелдерді азайтып, жобаның тұрақтылығына сенімділік берді. Бұл кезекті қолдау шарасы «АгроСтрой» ЖК-ның тұрақты дамуын жалғастыруға және нарықты сапалы ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда компанияның басты жетістігі — топырақ өңдейтін техниканың толық өндірістік циклын іске қосуы. Қазіргі уақытта аймақ бойынша 500-ден астам бірлік техника сатылған. Алдағы 1–2 жылда кәсіпорын ауылшаруашылық құралдарының ассортиментін кеңейтуді және өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Компания негізін қалаушылар сапа мен жауапкершілікті бизнес қағидасы ретінде ұстанады. Олардың ұраны: «Егер бірдеңе жасасаң — өзің үшін істегендей сапалы жаса». Лидия Швецова бастаушы кәсіпкерлерге мынадай қарапайым, бірақ маңызды кеңес береді: «Шағын бастауға қорықпаңыз, бірақ әрқашан бір қадам алға ойлаңыз».

Мекенжайы: Көкшетау қ., Валиханов көшесі, 183Е
Тел: 8(7162) 72-16-21, 8-777-874-5551
Электрондық пошта: agroa2000@mail.ru
Cайт: https://agrostroi03.kz/o-kompanii