Кеңес ал!
Арал ауданының тұрғыны Ботагуз Аманова – сүйікті ісіне деген махаббаты, жанұясының қолдауы мен еңбекқорлығы арқасында шағын үй жағдайындағы бастамасын тұрақты әрі келешегі зор бизнеске айналдырған кәсіпкер.
Кәсіпкерлік жолын Ботагуз ана бола жүріп, декреттік демалыс кезінде бастады. Қосымша табыс табу мақсатында туыстары мен таныстарына үй жағдайында торт пен түрлі тәттілер пісіре бастады. Уақыт өте келе оның қолынан шыққан өнімдердің дәмі мен сапасына риза болған тұтынушылар саны артып, тапсырыстар жиілей түсті.
Жанұясы Ботагуз дің бастамасын қолдап, жан-жақты көмек көрсетті. Алайда, сұраныс артқан сайын үйдегі шағын ас үйде жалғыз жұмыс істеу қиынға соға бастады. Осылайша, кәсіпкер кеңею жөнінде шешім қабылдады.
2022 жылы үйінің жанынан жеке кондитерлік цех ашты. Қазіргі таңда оның басшылығымен 3 кондитер мен 2 көмекші еңбек етеді. Кәсіпорын күніне шамамен 1000 дана өнім шығарады – торттар, тәттілер, тоқаштар және тағы басқа. Өнімдер тек жеке тұтынушылар арасында ғана емес, сонымен қатар мейрамханалар мен көтерме, бөлшек сауда дүкендері арасында да жоғары сұранысқа ие. Ботагуз дің дәмді әрі сапалы өнім шығаратыны – оның басты артықшылығы.
Тұрақты сұраныс артқан сайын, өндіріс көлемін көбейту қажеттілігі туындады. 2025 жылы Ботагуз кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы жылдық 12,6% жеңілдікпен несие алды. Бұл қаражат айналым қаражатын толықтырып, өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Бүгінде Ботагуз өз ісін дамытуды жалғастыруда. Ол өнім түрлерін көбейту, жаңа трендтерге сай өнімдерді енгізу бағытында жұмыс жасауда – мысалы, глютенсіз ұннан жасалған тәттілер мен тоқаштар. Ол ешқашан бір орында тоқтап қалмай, үнемі даму үстінде. Ботагуз – басқа әйелдер мен жас кәсіпкерлерге үлгі бола алатын нағыз шабыт көзі.
Мекен-жайы: Қызылорда обл., Арал қ-сы., Сейфуллин к-сі ,.49 А үй
Тел. 8 702 233 37 37
Instagram: @bota_cakes_aral