menu
Жабу

Кеңес ал!

Мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындарға «Даму» Қорының Қызылорда облысы бойынша өңірлік филиалы өткізген ПРЕСС ТУР

07.10.2025

Қазақстанда шағын бизнесті дамытуды ынталандыру құралдарының бірі – «Даму» Қоры. «Бәйтерек» холдингінің бұл еншілес ұйымы бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын негізгі 3 құрал арқылы жүзеге асырады. Олар: жеңілдікпен қаржыландыру, кепіл жеткіліксіз кезде кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Биыл Қор ауқымды трансформациядан өтіп жатыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге үйреншікті құралдар сақталып қалды. Бірақ олардың ішкі құрылымы сапалы түрде өзгерді. Осылайша олар жылдам жұмыс істеп, жақсы нәтиже береді. Қор нарықтық емес қолдау механизмдерінен неғұрлым тұрақты және ұзақ мерзімді шараларға біртіндеп көшетін болады.

Қордың қаржылай қолдау шараларының арқасында көптеген кәсіпкерлер микро кәсіпкерліктен және орта, тіпті ірі бизнеске дейін өсті.

photo_5418259148832897490_y.jpg

– «Даму» Қоры ұлттық даму институты болғандықтан, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнестің сапалы дамуына жәрдемдеседі. Бұл – экономикаға айтарлықтай серпін береді. Біз кәсіпкерлерге үйреншікті қолдау тетіктерін сақтап қалдық, алайда олардың мазмұнын едәуір жетілдіріп, жұмыстың тиімділігін арттырдық. Сондай-ақ экономиканың басым салалары тізімі айқындалды. Олар: өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, денсаулық сақтау мен білім беру. Қызылорда облысында 2010-2024 жылдар аралығында мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер 11,3 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Олар бюджетке 537 млрд теңге салық төледі, - деді «Даму» Қорының Қызылорда облысы бойынша өңірлік филиал директоры Айдос Жылқайдаров.

Биыл маусым айында жеңілдікпен несиелейтін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралына балама болып, кәсіпкерлердің қаржыны кідіріссіз алуына мүмкіндік береді. Ол бойынша инвестиция, айналым қаражатын толықтыру және қайта қаржыландыруға несие алуға болады. Мөлшерлемесі тұрақты 12,6% және қаржыландыру лимиті елеулі. (инвестицияға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына 3,5 млрд теңгеге дейін қарыз беріледі; мерзімі – инвестицияға 10 жылға дейін). Облыста осы бағдарлама басталған уақыттан бері 19 жоба жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге қолдау алды.

Кепілдік беру құралы бойынша биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен құны 7 млрд теңгеге дейінгі және 7 млрд теңгеден асатын жобалар үшін екі «Кепілдік қоры» іске қосылды. Енді кәсіпкерде кепілзат тапшы кезде «Даму» Қоры 7 млрд теңгеге дейінгі қарызға кепілдікті өте қысқа мерзімде – портфельдік кепілдіктің арқасында 2 жұмыс күні ішінде береді. Бұл жүздеген аймақтық жобаларға несие алуға мүмкіндік береді. Кепілдік несие сомасының 85%-на дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын соманы жаба отырып, несие, лизинг мәмілелеріне және келісімшарт орындауға қолданылады. 9 ай ішінде кепілдік портфелі 17,2 млрд. теңге болатын 143 шартқа қол қойылды. Оның ішінде Қордық кепілдігі 12,9 млрд теңге. Жобалардың ең көп үлесі өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласына тиесілі.

Сондай-ақ, өңірлік бағдарламалар қарқынды дамып, нақты секторға назар аударылып келеді. Қайта өңдеу, агроөнеркәсіп, медицина және әлеуметтік өндірістер, сондай-ақ жұмыс орындарын ашу және экспортты дамыту жөніндегі бастамаларды қолдау жөніндегі нақты шаралар белсенді дамуда. Бұл Президенттің өндірістік сектордың қажеттіліктеріне сәйкес «инвестицияға тапсырыс» қалыптастыру талабымен толық үндес.

Пресс тур аясында БАҚ өкілдері өңірдегі үш кәсіпорынның жұмысымен танысты: 

«Марал-Нұр» ЖШС – Қызылорда облысындағы теміржол жолаушылар тасымалы саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Компания Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына басымдық беріліп, жылжымалы құрам уақытылы техникалық қызмет көрсетуден өтеді және кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Қызмет көрсету барысында таза әрі ыңғайлы купе және плацкарт вагондар, кондиционерлер, тұрмыстық техника және білікті қызметкерлер ұсынады.

Бүгінде кәсіпорын «Қызылорда-Павлодар» және «Жезқазған-Астана» бағыттарындағы қалааралық тасымалды табысты жүзеге асыруда.

Қызмет аясын кеңейту мақсатында «Марал-Нұр» ЖШС Қызылорда қаласында «Жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені – «Цифрлық депо» инвестициялық жобасын жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны 5,4 млрд теңгені құрап, оның 2,2 млрд теңгесі «Даму» қорының «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясындағы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қолдауы арқылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ тарапынан қаржыландырылды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде несие мөлшерлемесі жылдық 8%-ға дейін төмендетілді.

Аталған жоба аясында «Марал-Нұр» компаниясы жылына 500-ден астам жолаушылар вагонына техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Жобаны іске асыру нәтижесінде Қызылорда қаласында 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өңір тұрғындарының жұмыспен қамтылуын арттыруға және әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қоспақ. 

«Агрохимсервис-С» ЖШС – облыстағы күріш шаруашылықтарын минерал тыңайтқыштармен (аммоний сульфаты) қамтамасыз ететін негізгі өндіруші және жеткізуші. Компания зауыты сағатына 10 тоннаға дейін түйіршіктелген тыңайтқыш шығарып, аграрлық саланы сапалы өніммен қамтамасыз етеді.

Кәсіпорынның Жалағаш кентінде орналасқан өндірістік базасы бар. Онда 20 мың тоннаға дейін өнім сақтауға арналған қоймалар, ұзындығы 180 м болатын екі теміржол тұйығы, тиеу-түсіру техникасы мен теміржол таразысы бар. Бұл инфрақұрылым өңір шаруашылықтарын, әсіресе күріш өндірушілерді, тұрақты түрде тыңайтқышпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2025 жылғы тамыз айында «Агрохимсервис-С» компаниясы «Даму» қорының «Өрлеу» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-нан несие алды. Бағдарлама аясында кәсіпкер 12,6%-бен тиімді несие алды. Компания көп жылдар бойы «Даму» қорының қолдау құралдарын пайдаланып, инвестициялық жобаларды да, айналым қаражатын толықтыруға бағытталған жобаларды да сәтті іске асырып келеді. 

«Іңкәр-7» ЖШС әлеуметтік маңызы бар жобаларды табысты іске асырып, Қызылорда қаласында студенттерге арнап жаңа жатақхана салды. Жоба студенттерді жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуге және өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамытуды көздейді.

2024 жылы компания Қызылорда қаласының орталығында 200 аса орын саны бар жаңа жатақхананың құрылысын аяқтады. Ғимарат қазіргі заманғы талаптарға сай жобаланған. Жатақханада демалыс бөлмелері, ас үй, жуынатын бөлме және студенттердің жайлы тұруына қажетті басқа да жағдайлар жасалған. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, санитарлық талаптарды орындауға және оқу үдерісіне қолайлы жағдай қалыптастыруға баса назар аударылған.

Аталған жобаға «ForteBank» АҚ берген несиесі «Даму» қоры субсидиялап, жылдық 19,5%-дың 10,5%-ын өтеп берді. Бұл – жоба құрылысының уақытылы аяқталып, жатақхананы оқу жылының басына дейін пайдалануға беруге мүмкіндік жасады.

Мұндай жобалардың табысты жүзеге асуы облысты және тұтастай алғанда бүкіл Қазақстанды дамытуда мультипликатив әсер береді. Халықты жұмыспен қамтудың, қызметкерлердің біліктілігін арттырудың маңызды мәселелері шешіледі. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан салынған әрбір теңге бюджетке салық түрінде қайтады.

Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және кепілдік беру құралдары, әрине, экономиканың өсуі мен ШОБ-тың мемлекеттің ЖІӨ-не үлесінің ұлғаюына ықпал етеді. Бұл факторлар мемлекет басшысы тапсырған міндеттерді жоспарлы түрде шешеді.