Кеңес ал!
Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру құралдарының бірі – «Даму» қоры. «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын үш негізгі құрал арқылы жүзеге асырады: жеңілдікпен қаржыландыру, кепіл жеткіліксіз болған жағдайда кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Биыл Қор ауқымды трансформациядан өтуде. Бұл ретте, кәсіпкерлерге үйреншікті құралдар сақталды, бірақ олардың тезірек жұмыс істеуі және үлкен нәтиже әкелуі үшін олардың ішкі құрылымы сапалы түрде өзгертілді. Қор нарықтық емес қолдау тетіктерінен неғұрлым тұрақты және ұзақ мерзімді шараларға біртіндеп көшуді жүзеге асырады.
Биыл маусым айында «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға тиімді балама болуға және кәсіпкерлерге қаржыландыруды кідіріссіз алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама инвестициялық жобаларға, айналым қаражатын толықтыруға және қарыздарды қайта қаржыландыруға есептелген. Шарттар белгіленген пайыздық мөлшерлемемен - 12,6% және қаржыландырудың елеулі лимиттерімен тартымды (инвестицияға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына – 3,5 млрд теңгеге дейін; мерзімі: инвестицияға – 10 жылға дейін). Абай облысында осы бағдарлама бойынша жыл басынан бері жалпы сомасы 9,8 млрд теңге несиеге 38 жобаға қолдау көрсетілді.
Кепілдік беру құралы бойынша биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құны 7 млрд теңгеге дейінгі және 7 млрд теңгеден асатын жобалар бойынша екі Кепілдік қоры іске қосылды. Енді кәсіпкерде кепілдік қамтамасыз ету жетіспеген жағдайда «Даму» қоры өте қысқа мерзім – 2 жұмыс күні ішінде портфельдік кепілдіктің арқасында 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға кепілдік береді. Бұл жүздеген өңірлік жобаларға несие алуға жол ашады. Кепілдік кредиттерге, лизингтік мәмілелерге және келісімшарттарды орындауға қолданылады, кредит сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын мөлшерде өтеледі. Абай облысында 2025 жылдың 9 айында 7 639 млрд теңге сомасына 72 кепілдік шарты жасалды, оның ішінде Қордың кепілдігі 4 267 млрд теңгені құрады. Жобалардың ең көп үлесі ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі салаларына тиесілі.
Экономиканың нақты секторына баса назар аудара отырып, өңірлік бағдарламалар белсенді дамып келеді - өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенді, медициналық және әлеуметтік өндірісті қолдау, сондай-ақ жұмыс орындарын құру және экспорттық әлеуетті дамыту жөніндегі бастамалар бойынша нақты шаралар іске асырылуда. Бұл тәсіл Мемлекет басшысының өндіріс секторының қажеттіліктеріне сәйкес "инвестицияға тапсырысты" қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді.
- Биыл 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша өңірде Қордың қолдауымен жалпы сомасы 39 277 млн теңгені құрайтын 395 жоба іске асырылуда. Қордың қаржылай қолдау шараларының арқасында көптеген кәсіпкерлер өндіріс көлемін арттырып, микробизнес санатынан шағын және орта кәсіпкерлік сегментіне өтуге қол жеткізді. Жеңілдетілген несиелеу тетіктері арқылы бизнесті ынталандыру өңірдің ғана емес, жалпы елдің дамуына мультипликатив әсер ететінін атап өту маңызды: жұмыспен қамту деңгейі өседі, кәсіпкерлердің кірісі артады, сонымен бірге бюджетке салық түсімдері де артады, - деп атап өтті «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Абай облысы бойынша өңірлік филиалының директоры Мұрат Қайымбаев.
«Даму» қоры ұйымдастырған баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері Абай облысында жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныса алды, олардың ішінде:
1. «Бекметьев Фархат Реккатович» ЖК
Кәсіпкерлік нысан 1999 жылы тіркелген. Клиенттің негізгі қызметі - киім саудасы, үй-жайларды жалға беру, қонақ үй қызметі, сондай-ақ «Eastwood» демалыс базасы. Eastwood ең көрікті жер – емдік ауасымен әйгілі аты аңызға айналған Семей орманында орналасқан. Демалыс базасы қонақтарды жыл бойы қабылдайды, бірінші кезекте бұл мұнда жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына келетін спорттық командалар.
Осы демалыс базасын салу үшін кәсіпкер 2022 жылдан бастап бірнеше рет несие алғанда кепілдік және субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау құралдарын пайдаланды. 2024 жылы «Eastwood» демалыс базасы пайдалануға берілді. Ал 2025 жылы базаны кеңейтуге шешім қабылдағанда «ForteBank»-тен Қордың «Өрлеу» бағдарламасы аясында жеңіл несие алды.
2. «Макай» ЖШС
Компания 2002 жылы тіркелген. Абай облысында тазартылмаған күнбағыс майын және Алматы облысында толық майлы соя өндірісімен айналысады. Негізгі өнімнен басқа, қайта өңдеу арқылы күнбағыс пен соядан күнжара сияқты жанама өнімдер де шығарады. Олар мал азығы ретінде құнды. Семей қаласындағы зауыт тәулігіне 150 тоннаға дейін күнбағыс тұқымын өңдей алады. Жылына бқл көрсеткіш шамамен 50 мың тоннаға жетеді. Сарқан қаласындағы зауыт тәулігіне 23 тоннаға дейін толық майлы соя өңдейді. Компанияның өнімдері Қытай мен Өзбекстанға экспортталады.
Компания: кепілдік беру, субсидиялау және жеңіл несие сияқты мемлекеттік қолдауды пайдаланған. «БанкЦентрКредит» АҚ арқылы алған несиесіне компания май өнімдерін өндіруге арналған жабдықтар мен өндірісті кеңейту үшін шикізат сатып алды. 2025 жылы компания «Өрлеу» бағдарламасы аясында айналым қаражатын толықтыруға «1-кепілдік қоры» құралын пайдалана отырып, жылына 12,6%-бен жеңіл несие алды. Бұл – компанияның экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
3. «Агролидер KAZ» ЖШС
2024 жылы тіркелген компания жасымық, қыша, зығыр және ноқат тұқымдарын тазалап, экспорттаумен айналысады. Қазір компания тұқымды терең тазарту және қаптау зауытын іске қосып жатыр. Жабдықтардың бір бөлігі орнатылып, пайдалануға берілді, айына 1 980 тонна өнім өндіріледі. Жоба толық іске қосылған соң 20 жаңа жұмыс орнын ашу және өнімділікті айына 6 600 тоннаға жеткізу жоспарлануда. Аталған кәсіпорын өнімдерін Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Латвия, Әзербайжан, Эстония, АҚШ, Франция және басқа да көптеген елдерге жеткізуді көздеп отыр.