menu
Жабу

Кеңес ал!

Азия чемпионынан табысты кәсіпкерге дейінгі жол

22.10.2025

«CHAMPION» жеке кәсіпкерлігі иесі – Береке Аскербекұлы 2021 жылы құрылып, алғашқы күннен бастап спорт саласында білім беруді дамыту бағытымен жұмысын бастады. Өз ісін ашуға түрткі болған нәрсе – Берекенің бала кезінен қалыптасқан спортқа деген шексіз сүйіспеншілігі еді.

Береке спортшы ретінде үлкен жолдан өтіп, айтарлықтай жетістіктерге жетті: 2009 жылы ол дзюдо спорты бойынша Азия чемпионы атанды. Осы тәжірибе мен жаңа чемпиондарды тәрбиелеу ниеті оны спорттық клуб ашуға шабыттандырды. Бұл клубта балалар салауатты өмір салтын ұстанып, өз таланттарын дамыта алады.

Бастапқы жол оңай болған жоқ. Береке ғимаратты бөліп төлеу арқылы алып, екі серіктесімен бірге балаларды жаттықтыруды бастады. Алғашқы жылдары клубта 70–80 бала жаттықты, ал жаттықтырушылар саны үшеу ғана болды. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, ол мойымады.

Уақыт өте келе Береке өз қаражаты есебінен залын кеңейтіп, жөндеуден өткізді. 2024 жылдың көктемінде ол қажетті спорттық жабдық сатып алу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы мемлекеттік қолдау алды. Банк пен Қордың мақұлдауынан кейін кәсіпкер субсидиялау тетігі бойынша жеңілдікке ие болып, несие мөлшерлемесі 9%-ға дейін төмендетілді.

Араға бір жыл салып, 2025 жылдың жазында ол тағы бір маңызды қадам жасады — Жезқазған қаласының аумағында екінші жаттығу залын ашты. Бұл жобаға да ол «Даму» қорының кепілдендіру қолдауын алып, «Кепілдік қоры-1» бағдарламасы аясында 43 354 259 теңге көлемінде кепілдік берілді.

Бүгінде Береке Аскербекұлының ісі табысты дамып келеді. Қызметкерлер саны 9 жаттықтырушыға, ал шәкірттер саны 200–300 балаға жеткен. Клубта күн сайын төрт топ (әр топта 20 бала) жаттығады. Балалар қазақ күресі, дзюдо, жауынгерлік самбо және грэпплинг спорт түрлерімен айналысады. Сонымен қатар, клубта жасөспірімдер мен ересектерге арналған фитнес-зал да бар.

Кәсіпкер жеткен жетістігімен тоқтап қалмақ емес. Нағыз спортшы ретінде ол әрдайым алға ұмтылып, табандылықпен, жігермен және сеніммен өз мақсатына жетіп келеді.

«Әрдайым алға ұмтылыңыздар және бастаған істі соңына дейін жеткізіңіздер!
Ісіңізді сүйіп, оны жан-тәніңізбен істеңіздер!» — деп кеңес береді Береке жас кәсіпкерлерге. 

Жезқазған қ., Байқоңыров көшесі, 46/2
+7 776 001 98 98
Instagram: @zhez_championclub