Кеңес ал!

08.12.2025

Атыраулық «AV-COM» ЖШС – бүгінде Батыс Қазақстан өңіріндегі қауіпсіздік және инженерлік жүйелер саласындағы көшбасшы кәсіпорындардың бірі. Биыл өз қызметінің 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан компанияның тарихы қарапайым қызығушылық пен табанды еңбектен бастау алған.

Мекеме басшысы Қабдиев Асқат Өмірзақұлының электротехникаға, әсіресе магнитофон мен теледидарларды жөндеуге деген қызығушылығы жас кезінен байқалды. Ол 1983 жылдан бастап Атырау «Орбита» станциясы мен телеорталықта қызмет атқарып, мол тәжірибе жинаады. Осы білім мен кәсіби шеберлік 2005 жылы ресми кәсіпкерлікке ұласып, бүгінде ірі компанияға ашуға жеткізіп отыр.

Қазір «AV-COM» – тек жөндеу жұмыстарымен шектелмейтін, күрделі инженерлік міндеттерді шеше алатын көпсалалы кәсіпорын. Компания қауіпсіздік жүйелерін (бейнебақылау, өрт дабылы және сөндіру жүйелері), телефонизация, домофон және талшықты-оптикалық кабель жүйелерін монтаждаумен айналысады. Сонымен қатар, LED-экрандар мен кәсіби акустикалық жүйелері орнату, металл конструкцияларды дәнекерлеу және аргонмен дәнекерлеу қызметтерін сапалы көрсетеді.

«AV-COM» Батыс Қазақстан өңіріндегі көптеген стратегиялық және әлеуметтік нысандарды қамтып отыр. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, гимназиялар, спорт кешендері, ауруханалар, мәдениет үйлері және көпқабатты тұрғын үйлер бар. Компания мамандары кешенді жүйелерді жобалаудан бастап, орнату және қызмет көрсету циклін толық қамтамасыз етіп, тапсырыс берушілердің сеніміне ие болды.

Компания тек бизнеспен ғана емес, аймақтың кадрлық әлеуетін дамытуға да үлес қосуда. Жастарды қолдау мақсатында С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университетімен арнайы ынтымақтастық орнатқан. Осы келісім аясында студенттер оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтіп, нақты жұмыс процесімен танысады. Нәтижесінде, бүгінгі күні аталған оқу орнының түлектері компанияда тұрақты жұмысқа орналасып, өз мамандықтары бойынша табысты еңбек етуде.

Нарықтағы орнын нығайтып, 20 жылдық белесті бағындырған кәсіпорын бір орында тоқтап қалмай, бизнесті әрі қарай кеңейтуді көздеді. Осы мақсатта «AV-COM» ЖШС мемлекеттік қолдау шараларына жүгінді.

Кәсіпорын «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында «БанкЦентрКредит» АҚ арқылы 12,6% тиімді мөлшерлемемен қаржыландыруға қол жеткізді. Бұл қаражат компанияға дамудың жаңа кезеңіне өтуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, компания қызмет саласын кеңейтіп, желдету (вентиляция) жүйесінің жабдықтарын өндіру және орнату жұмыстарын қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл қадам жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға септігін тигізбек. 

Мекенжайы: Атырау қаласы, Жулдыз-3 мөлтегі, көші 9

Байланыс телефоны: 8777727-26-77

Эл. почта: too-avcom@yandex.kz