Кеңес ал!
Салтанат Құдайбергенова Ерсайынқызы 1988 жылы Алматы облысы Нарынқол ауылында дүниеге келген. Қарапайым қазақи отбасы: анасы – физика пәнінің мұғалімі, ал әкесі – құрылысшы. Салтанат мектеп кезінен арманшыл, келбеті нәзік болғанымен, бойындағы рухы мықты, мақсаты айқын әрі еңбекқор қыз болып қалыптасты. Есейе келе, тұрмыс құрып жолдасының кәсіппен айналысатынын көрген ол, жанында жүріп, бақылап, көмек қолын созып, бұл процеске бірте-бірте кіре бастады. «Кейіннен дистрибуция компаниясын аштым: материал сатып, клиент іздеп, сенім қалыптастырдым. Мен бастысы өзіме сендім және кәсіпкер болу – бұл жай ғана өнім туралы емес, бұл жерде қайсар мінез, жауапкершілік пен тәртіп, сондай-ақ, өз ісіңе адалдық керек екенін ұқтым», - дейді ол.
Қазір Салтанаттың бизнеспен айналысқанына 10 жылға жуық уақыт болса да, қуанышы мен қиыншылығы қатар жүретін бұл жолда көптеген тәуекелдер болғанын айтады. «Менде 24/7 қолдау білдіретін адамдар болмаған. Керісінше, өздеріңіз білетіндей, қоғамда жиі айтылатын «Бұл әйел адамның жұмысы емес. Құрылыс саласы мен зауыт ашып несіне қиналасың, әйел адамның орны – ошақтың қасында!», - деген пікірлерді естумен болдым. Сондықтан әйел қауымына айтарым – менің күнделікті тынбай жасаған әр қадамым қазір сапалы нәтижеге алып келді. Қазір мен 2021 жылы құрылған Meisster company атты құрылыс материалдарын шығаратын зауыттың иесімін»,- дейді Салтанат ханым.
Ал бастапқы кезеңге оралсақ, жоғарыда айтқандай, дистрибуциямен 4 жыл айналысып жүрген кезінде, клиенттерінің бірі Салтанат ханымнан қарызға өнім сұрайды. Салтанат ханым ол адамды да, компанияны да дұрыс танымаса да, іштей сеніп, көмектесуді ұйғарады. Клиент қаражатты уақытында толық қайтарып, кейіннен компания иесі Салтанат Құдайбергеновадан «Сізге қандай көмек көрсете аламын, менің тарапымнан қандай да бір қолдау керек пе?», - деп сұрайды. Салтанат ханым көптен бері зауыт ашқысы келетінін айтты. Ол осы сәтті «зауыт ашуға алғашқы қадам» - деп еске алады.
Құрылыс саласындағы сатылым күн сайын өсті, алайда, бірге жұмыс жасап жүрген зауыттар Салтанат ханым сұратқан көлемді шығара алмады. Сол кезеңде ол өз зауытын ашатын уақыт келгенін түсінді. Бәрі қарапайым деңгейден басталған: алғашында 5-7 адам, шағын жалға алынған ғимарат, ескі құрал-жабдықтар. Кадр тұрақсыздығы, өндірістегі қателіктер, ресурстың жетіспеушілігі, тіпті, кей жүргізушілер жанармай ұрлап, қоймадағы дайын өнімдер мен материалдар жоғала бастаған. Бұл кәсіпкерліктің тарауын да Салтанат ханым шыдамдылық пен ақылмен өте білді.
Келесі Салтанат Құдайбергенова үшін тағы бір шешуші кезеңдердің бірі – инвестиция тарту еді. Өнеркәсіпті дамыту қоры жолдасы екеуі бастаған жобаны мақұлдағанымен, кепілзат тапшылығына байланысты қаржы берілмеген. Салтанат және жұбайы үшін бұл ауыр сәттердің бірі болды. Соған қарамастан, жұмысты тоқтатпай, айналымды біртіндеп арттыра берді. Салтанат кейін «Даму» Қорынан «Өрлеу» бағдарламасы арқылы қаражат алуға мүмкіндік бар екенін естиді. Өтінімін Қор мен «Халық банк» қолдап, жобасына 1 миллиард теңге қаражат алып, оны зауыт құрылысына, ал 264 миллион теңгені айналым қаражатына жұмсады. Ірі клиенттер сол сәтте бизнесінің өркендеуі үшін қолайлы драйвер еді.
«Өз тәжірибемнен айтарым, мемлекет шынайы еңбек етіп, нәтиже көрсетіп жүрген кәсіпкерлерге қолдау білдіреді және менің жолым – айқын дәлел. Мемлекет индустриалды аймақтан 5 гектар жер телімін берді, қазір сол жерде 3500 м2 өндірістік цехтар мен кеңсе салынды. Жүйелі, мықты команда құрыла бастады. Өндірісте толық жауапкершілікті алып, «менің қанатым» болып кеткен – Александр Ивановичтің мен үшін пайдасы зор. Барлық қателіктерді түзете отырып, Александр Ивановичпен бірге өндіріске мықты тұлғаларды іздей бастадық. Руслан Ашимов – зауыттың барлық операциондық басқаруын өз мойнына алса, Ренат Рахимов – логистика мен жабдықтауды ұтымды іске асыра алды. Бұл екі бағыт – зауыттың жүрегі» - дейді кәсіпкер.
Әр адам өз ісін толық түсініп, және әр әрекеті үшін толық жауапкершілікті алғаннан кейін компания одан әрі мықты команданың арқасында жанданып, қарқынды дами бастады. Қазір Салтанат ханым – визионер, идея ұсынып, шабыттандырушы және өндірістегі стратег, 60-қа жуық жұмысшыны жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер.
Салтанат ханым «Даму» қорын әр кәсіпкердің арманын шындыққа айналдыруға көмектесетін, елімізде үлкен маңызға ие қор ретінде еске алады.
Қазіргі кезде Салтанат ханымның түпкі мақсаты – өндіріс арқылы Қазақстанды әлемдік деңгейде мықты индустриалды ойыншы ету. Meisster company – жай ғана бизнес емес. Бұл – құрылыстағы жаңа деңгей болмақ. Жергілікті өндірісті дамытуға, мұнай-газ, тау-кен, азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс секторларын күшейтуге Meisster company бар күшін салуды көздейді.
«Бұл компаниядағы менің жолым – тек қыз-келіншектерге ғана емес, жалпы адамдарға өзіне сенуге және өз арманына сенуіне бір септігін тигізсе екен деймін. Қиындық – тек сіздерді одан әрі мықты ету үшін берілген өтпелі кезең. Егер менің қолымнан келсе, демек, сіздердің де міндетті түрде қолдарыңыздан келеді. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» - деп халық бекер айтпаған», - деп сөзін тұжырымдады Салтанат ханым.
«Meisster company» ЖШС
Алматы облысы, «Қайрат» индустриялық аймағы
Тел.: +7 701 735 99 88
E-mail: operator@meisster.kz
Instagram: meisster.info