Кеңес ал!
Тұрақты кәсіпкерліктің тарихы сирек жағдайда алдын ала есептен басталады. Көбіне ол ішкі таңдаудан, жауапкершіліктен және сенімнен туындайды. Sydykhov MS ЖК субъектісінің негізін қалаушы, Сыдыхов Мурат Садуакасұлының жолы — жеке бастаманың, табандылықтың және өз ісіне деген сенімнің әлеуметтік маңызы бар бизнесті қалай қалыптастыра алатынының жарқын үлгісі.
Мурат Садуакасұлының кәсіби жолы 2014 жылы университетті тәмамдағаннан кейін басталды. Мемлекеттік қызметте жұмыс істей жүріп, ол қатарынан балаларды жеке меншік футбол мектебінде жаттықтырып, жаттықтырушы қызметін қатар алып жүрді. Негізгі жұмысты жаттықтырушылықпен ұштастыра отырып, үш жыл бойы ол тек тәжірибе жинақтап қана қоймай, балалар спорты мен қосымша білім беру саласының нақты қажеттіліктерін терең түсіне бастады.
2017 жылы шешуші әрі саналы қадам жасалды — Мурат Садуакасұлы мемлекеттік қызметтен кетіп, өзін толықтай жеке ісіне арнады. 2017 жылғы 1 қазанда ол өзінің алғашқы коммерциялық футбол мектебін ашты. Жоба шамамен үш жыл бойы тұрақты дамып, табысты жұмыс істеді. Алайда 2020 жылы карантиндік шектеулерге байланысты қызметі уақытша тоқтатылып, бұл кезең шағын бизнес үшін елеулі сынға айналды.
Дәл осы кезең кәсіпкер үшін қайта ойлану нүктесі болды. Мурат Садуакасұлы бизнесті тұрақты дамыту үшін бірнеше бағытты қатар өрбіту қажет деген қорытындыға келді. 2021 жылы ол спорт пен мәдениет салаларындағы, әсіресе балалар секциялары мен үйірмелерін қолдауға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктерін және нарық жағдайын жан-жақты зерттей бастады.
Нәтижесінде, 2022 жылы ғимаратты жалға алып, кәсіпкер жаңа бағыттарды іске қосты: спорттық форматтағы шахмат, халық билері, эстрадалық вокал және бейнелеу өнері. Үйірмелер қаңтар айынан бастап белсенді жұмыс істей бастады. Алайда 2025 жылы ғимарат иесінің нысанды сату туралы шешімі кәсіпкерді тағы бір маңызды таңдау алдында қалдырды.
Мүмкін болатын шешімдерді саралай отырып, Мурат Садуакасұлы қаржылық қолдау құралдарын зерттеді және Қордың басым бағыттарына сәйкес келетінін анықтап, «Банк ЦентрКредит» АҚ-на қаржыландыруға жүгінді. «Өрлеу» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы аясында жылдық 12,6% мөлшерлемемен кредит рәсімделді. Ай сайынғы төлем көлемі бұрын төленген жалдау ақысына шамалас болды, алайда негізгі айырмашылығы — жеті жыл өткен соң кәсіпкер нысанның толыққанды иесіне айналады.
Бүгінде Sydykhov MS ЖК — бұл тұрақты әрі әлеуметтік бағытталған жоба. Би, вокал, домбыра, сурет салу және шахмат үйірмелері белсенді жұмыс істейді. Балалар үйірмелерге тегін негізде қатыса алады, ал тәрбиеленушілер түрлі байқауларға, фестивальдерге және мәдени-спорттық іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді.
Қазіргі таңда үйірмелерде 200-ден астам бала білім алуда, және қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Алғашқы жұмыстан кейінгі жаттығулардан бастап, жеке ғимарат пен ауқымды әлеуметтік жобаға дейінгі бүкіл жол тек өз күшімен, кезең-кезеңімен еңсерілді.
Мурат Садуакасұлының тарихы — кәсіпкерліктің тек экономикалық тұрғыдан тиімді ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы жоғары, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін даму, мүмкіндік пен болашақ қалыптастыра алатын күш екенін айқын көрсетеді.
Мекенжайы: Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесі, 23
Телефон: 8 705 101 65 91
Instagram: @artandsport.astana