Кеңес ал!
2015 жылы Арайлым Назарова логистика мамандығы бойынша магистр дәрежесін тәмамдап, еңбек тәжірибесі болмаса да, LTS Kazakhstan атты логистикалық компания құрды. Төрт жыл бойы компания көлік нарығында табанды еңбек етіп, қауіпті және ірі көлемді жүктерді тасымалдауға маманданды. Алайда, уақыт өте келе, Арайлым логистиканың жүрегіне жақын емес екенін сезінгенін айтады. Осылайша, фрилансқа бет бұрып, біршама уақыт сол салада қоғамдық қызметтермен айналысты.
2021 жылы Instagram желісінде ресейлік блогердің әмбебап тазалау ұнтағы туралы видео шолуы Арайлымның назарын аударды. Алматыдан дәл сондай өнімді таба алмаған соң, ол бір үлгіні тікелей Ресейден алдыртып, қолданып көргісі келді. Нәтиже күтпегендей әсер қалдырды: ұнтақ шынымен де тиімді, киімдерді мінсіз тазартып, сапасы мен киімнің сыртқы келбетін сақтады. Әрине, өнім Арайлымға да, оның жақындарына да ұнады. Осыдан кейін ресейлік зауытпен дистрибуция бойынша ұзақ келіссөздер басталып, алғашқы партия сатылымға шықты. Бірақ 2022-жылдың ақпан айында геосаяси жағдай өзгеріп, ресейлік компания тұрмыстық химия өнімдерін экспорттай алмайтынын хабарлады.
Бірақ Арайлым бұл өнім көпшілікке ұнайтынына сенді, өнімнің халыққа қажет екенін түсінді. Сондықтан Қазақстанда сапасы жоғары ұнтақты өндіру жолдарын іздей бастады. Өнімнің құрамын, технологиясын зерттеп, шикізат жеткізушілерін іздеді. Ол кезде отандық тұрмыстық химия нарығында танымал жергілікті брендтер аз, ал өздеріңіз білетіндей, өндіріс - экономиканың басым бағыттарының бірі. Дәл осы сәттен бастап TAZA бренді дүниеге келді.
2022 - жылдың тамыз айында TAZA-ның алғашқы партиясы жарық көрді — бар болғаны 25 кг, яғни 25 дана. Кейін 100 дана, ал көлем біртіндеп ұлғая бастады. TAZA небәрі 25 шаршы метр аумақта, барлық процестер қолмен атқарылатын шағын жоба ретінде басталды. Компания алғашқы күннен бастап брендтің халық арасында танылуына мән берді: әлеуметтік желілерді белсенді жүргізу арқылы, тікелей эфирлерде жиі өнімді таныстырып, блогерлер арқылы маркетингке инвестиция құйды. Тұтынушылардың шынайы сенімі — компания үшін тоқтамай еңбек етудің үлкен белгісі болды.
Бизнес бар жерде, қиындықтар да қатар жүреді. Соның бірі, өндірістік алаң 350 шаршы метрге жетіп, сұранысты қанағаттандыру үшін түнгі ауысымдарда, күні-түні жұмыс істеген сәт. Дәл сол кезде команда TAZA-ның енді «шағын жоба» емес, толыққанды өндірістік компанияға айналғанын сезінді.
Сонымен қатар, «Taza» танымал бола бастағанда, басқа да компаниялар қаптаманы, дизайнды, өнімнің құрамын қайталап, тіпті, TAZA компаниясының атынан сатуға тырысты.
«Әділ бәсекелестік — бір бөлек, ал дәл көшірме жасап сату — мүлде басқа. Бірақ егер көшіріп, ұсақ-түйекке дейін қайталап жатса, демек, біз өтімді әрі жақсы өнім жасаппыз», — дейді Арайлым Назарова.
Бизнесті одан әрі дамыту мен ауқымын кеңейтуде мемлекеттік қолдау шешуші рөл атқарды. «Даму» қорының, соның ішінде, «Өрлеу» бағдарламасы арқылы компания өз өндірістік базасын салды. Бұл қадам TAZA үшін сенімді іргетасқа айналып, ұзақ мерзімді даму жоспарын құруға мүмкіндік берді.
Бүгінде TAZA — толыққанды өндірістік компания:
• жер учаскесі — 73 сотық,
• өндірістік алаңы — 4 000 шаршы метр,
• Қазақстанның барлық өңірлерінде өкілдері бар,
• ассортиментінде тұрмыстық химияның 7 түрі бар және өнім желісі кеңеюі үшін жұмыс жасап жатқан Қазақстандық бренд.
Қазіргі таңда, TAZA бренді тек елімізде ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия нарықтарында да ұсынылған. Экспорт бірте-бірте дами бастады, өйткені өнімді көріп, қолданып көрген шетелдік серіктестер, сапасына көз жеткізіп, Taza брендімен байланысқа шыға бастады.
Арайлым Назарова үшін TAZA — бір өнімнен басталған, бірақ сеніммен, жүйелі еңбекпен және табандылықпен өскен идея. 3,5 жыл ішінде атқарылған жұмыс аз емес, ірі А және В санатындағы супермаркеттер де қазір компаниямен бірге жұмыс жасап жатыр. Бұл – халық арасында сұраныстың бар екенінің айқын дәлелі.
Алдағы 5–10 жылда TAZA өзін халық сеніміне ие, нарықтың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын, Қазақстанды халықаралық деңгейде танытатын тұрақты әрі жүйелі өндіруші ретінде көретінін айтады.
TAZA - бұл жай ғана бизнес емес. Бұл жол. Бұл жауапкершілік. Бұл – отандық өндірістің болашағына қосылған үлес.
ЖШС «LTS Kazakhstan»
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылдық округы, Көксай ауылы
Тел.: +7 747 715 60 10
E-mail: ecotaza.2022@gmail.com
Instagram: taza_kz_