Кеңес ал!
«Фабрика натуральных продуктов» компаниясының тарихы аналық алаңдаушылықтан басталды. Брендтің негізін қалаушы Айгерім Пердебайқызы — төрт ұлдың анасы. 2019 жылы үлкен ұлы Санжардың тісі қатты ауырып, дәрігерге барғанда бірнеше тісін емдеу қажет екені белгілі болады. Ең ауыр тигені — баласының тістерін наркозбен емдеуге тура келгені.
Сол сәтте Айгерім балалардың күнделікті жейтін тәттілері туралы ойлана бастады. Балалар тәттіні жақсы көреді, бірақ дүкендегі тәттілердің көбі қантқа, бояғыштарға және түрлі қоспаларға толы.
«Біз балалардың тісін емдейміз, бірақ олардың ағзасында не болып жатқанын көрмейміз ғой», — дейді Айгерім.
Пайдалы балама таба алмаған соң, ол тәттіні өзі жасап көруге шешім қабылдайды. Алманы жұқалап кесіп, кептіріп көрді. Осылайша алғашқы жеміс чипстері пайда болды. Балаларына жаңа өнім бірден ұнады. Олар чипстерді мектепке апарып, достарымен бөлісе бастады. Көп ұзамай басқа ата-аналар да Айгерімге хабарласып, табиғи чипстерге тапсырыс бере бастады.
Алғашқы жылы өндіріс үй асханасында жүрді. Айгерім күндіз бухгалтер болып жұмыс істеді, кешке ана болды, ал түнде өз өнімдерін дайындады. Кейін ол Жаңа Зеландиядан кептіргіш аппарат алды. Сұраныс артқан сайын тағы бірнеше аппарат сатып алды.
Кәсіпті дамытуға жұбайы Бауыржан Искаков үлкен қолдау көрсетті. Ол отбасымен бірге Алматыға көшіп, толыққанды өндіріс ашуды ұсынды. Алманың Отаны - Алматыда Айгерім алмадан табиғи пастилалар жасап, өндірісті кеңейте бастады.
2023 жылы «Даму» қорының қолдауымен алынған субсидия компанияның дамуына жаңа серпін берді. Бүгінде «Фабрика натуральных продуктов» өнімдері GalMart, Vkusmart, Royal Petrol, Duty Free сияқты ірі сауда орындарында сатылады. Табиғи пастилалар мен жеміс чипстері алма, банан, алмұрт, өрік, анар, апельсин, таңқурай және құлпынайдан дайындалады.
Айгерім үшін бұл тек бизнес емес.
«Бұл — менің миссиям. Біз адамдарға пайдалы өнім ұсынамыз және табиғи тағам мәдениетін қалыптастырғымыз келеді», — дейді ол.
Бір кезде үй асханасында басталған іс бүгінде мыңдаған отбасының дастарханында, ағзаға пайдасы мол тәтті ретінде танылып отыр.
«Фабрика натуральных продуктов» ЖШС
Тел: 8 776 025 11 93
Пошта: yeseco@baisgroup.kz
Instagram: yeseco.kz