Кеңес ал!

08.04.2026

Кәсіпкер Зарина Садыққызының оқиғасы — жеке тәжірибе мен жақындарына көмектесуге деген шынайы ниеттің сұранысқа ие әрі әлеуметтік маңызы жоғары бизнестің негізіне айнала алатынын айқын көрсететін жарқын мысал.

Офтальмологиялық клиника ашу идеясы кездейсоқ пайда болған жоқ. Барлығы оның өз балаларының денсаулығына алаңдаудан басталды: Зарина өзінде көру қабілетіне қатысты мәселе болмаса да, балаларына бастауыш сыныпта миопия диагнозы қойылған. Уақыт өте келе жүргізілген тұрақты тексерулер олардың көру қабілетінің біртіндеп нашарлап бара жатқанын көрсетті. Бұл жағдай оны балалардағы миопияны бақылау және оның дамуын баяулатудың тиімді жолдарын тереңірек зерттеуге итермеледі.

Аталған тақырыпқа терең үңілу жаһандық деңгейдегі алаңдатарлық үрдістерді ашты: халықаралық зерттеулерге сәйкес, 2050 жылға қарай көру қабілетінің бұзылыстары әлем халқының жартысына жуығын қамтуы мүмкін. Дәл осы сәтте балалар мен ересектердегі көз ауруларын диагностикалау мен емдеуге бағытталған заманауи медициналық орталық құру қажеттілігі туралы нақты түсінік қалыптасты.

2023 жылы жалдамалы жұмыстан бас тарту туралы шешім қабылдаған Зарина жұбайымен бірге өз ісін бастауға кірісті. Әртүрлі кәсіпкерлік бағыттарды жан-жақты талдай отырып, олар жоғары әлеуметтік маңызы бар және тұрақты сұранысқа ие медицина саласын таңдады.

Өз жинақ қаражаты мен жылжымайтын мүлкін негізге ала отырып, отбасы клиника ашуға инвестиция салу туралы салмақты шешім қабылдады. Қаржыландыру тарту мақсатында Зарина Садықызы мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, «Банк ЦентрКредит» АҚ-на жүгінді. Бизнес-жоспарды дайындап, қажетті құжаттарды жинағаннан кейін, кәсіпкер өтінімді өз бетінше тапсырып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан 2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында субсидиялау құралы бойынша қолдау алды.

Ғимаратты сатып алу, жөндеу жұмыстарын жүргізу, заманауи медициналық жабдықтарды орнату және барлық рұқсат құжаттарын рәсімдеу нәтижесінде, 2024 жылдың маусым айында «AZIZ-Group» офтальмологиялық клиникасы өз жұмысын бастады. Алғашқы кезеңде ересектер мен балаларға арналған диагностикалық бөлім іске қосылды.

Уақыт өте келе жоғары технологиялық медициналық қызметтерге, әсіресе көз микрохирургиясына деген сұраныс арта түсті. Бұл клиниканың қызмет аясын кеңейтіп, хирургиялық бөлім ашу қажеттілігін туындатты. Алайда арнайы жабдықтардың жоғары құны қосымша қаржыландыру көздерін іздеуді талап етті.

2025 жылы одан әрі даму жолдарын қарастыру барысында Зарина «Даму» қоры жүзеге асыратын, жылдық мөлшерлемесі 12,6% болатын «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы туралы білді. Қаржыландыру алу үшін ол қайтадан «Банк ЦентрКредит» АҚ-на жүгінді. Жобаны қарау барысында кепілдік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесі туындағандықтан, кәсіпкер бір мезгілде «Даму» қорының №1 Кепілдік қоры аясындағы кепілдік құралын пайдаланды.

Мемлекеттік қолдау шараларын кешенді түрде қолданудың нәтижесінде, 2025 жылдың қазан айында клиникада лазерлік көруді түзету бөлімі сәтті іске қосылды.

Бүгінде «AZIZ-Group» клиникасы медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынады: кешенді көру диагностикасынан бастап, лазерлік түзету, катарактаны факоэмульсификациялау, амбулаториялық микрохирургиялық операциялар мен түрлі лазерлік процедураларға дейін.

Бұл оқиға айқын мақсат, жүйелі тәсіл және үздіксіз даму ұмтылысы болған жағдайда, күрделі әрі ауқымды жобаларды да табысты жүзеге асыруға болатынын дәлелдейді. «AZIZ-Group» клиникасы сапалы медициналық қызмет көрсетумен қатар, халық үшін заманауи офтальмологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

 

Адрес: Астана қаласы, Сарайшық ауданы, Шәмші Қалдаяқов көшесі, 23/1

Телефон: +7‒702‒253‒05‒80

Instagram: @azizgroup.clinic

Пошта: azizclinic2024@gmail.com