Кеңес ал!

11.06.2026

Ұлтумас Айдарованың табыс тарихы – көпжылдық тәжірибе, еңбекқорлық және кәсіпкерлік түйсік табысты өндіріс құруға жол ашатынының жарқын мысалы. Ол өз кәсібін 1990-жылдары Шымкент қаласының базарларында кондитерлік өнімдер сатудан бастады. Кейін Ресей мен Украинадан әкелінетін өнімдерді дистрибуциялаумен айналысып, нарықты терең зерттеп, мол тәжірибе жинақтады. Осы тәжірибе мен тұтынушылар сұранысын жақсы түсінуі кәсіпкерді жеке өндіріс ашуға жетеледі.

Алғашында кептірілген тоқаштар мен бәліштәрізді өнімдер шығарудан бастаған компания уақыт өте келе ассортиментін кеңейтіп, өндірістік қуатын арттырды. Бүгінде «ЮжКонд» кондитерлік бренді печенье, кептірілген нан өнімдері мен құмды қамырдан жасалған тәттілерді қоса алғанда, 70-ке жуық өнім түрін шығарады. Кәсіпорын ай сайын 70–80 тонна өнім өндіреді. Өндірістің өсуімен бірге қызметкерлер саны да артып, 10 адамнан 60 адамға дейін жетті. Ұжымның басым бөлігін жастар құрайды.

Кәсіпкерлік жол әрдайым оңай болған жоқ. Шикізат тапшылығы мен бағаның қымбаттауы кәсіпорын үшін үлкен сынаққа айналды. Дегенмен Ұлтумас Үтегенқызы табандылықты басты ұстаным етіп, барлық қиындықтарды еңсеріп келеді. Оның «Көмек күтпей, өз ісіңді дамыт» деген қағидасы күнделікті еңбегімен дәлелденіп отыр.

Кәсіпорынның дамуына «Даму» қорының қолдауы да елеулі ықпал етті. 2021 жылы Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында компания «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы жылдық 21,75%-бен несие алып, оның 14,75%-ы «Даму» қоры тарапынан субсидияланды. Бұл кәсіпорынның қаржылық жүктемесін азайтып, айналым қаражатын толықтыруға және өндірісті одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.

Бүгінде «ЮжКонд» Сарыағаш ауданындағы табысты өндірістік кәсіпорындардың біріне айналып, өңір экономикасының дамуына үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып келеді. Компанияның тарихы қажырлы еңбек пен мемлекеттік қолдау бизнестің тұрақты дамуына берік негіз болатынын көрсетеді.

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Сарыағаш қаласы, 001 орам, 328-үй.

Байланыс телефоны: +7 (705) 758 22 88

Instagram парақшасы: @ yuzhkond_kz