info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс азаймайды

Жаңалықтар
01.06.2023

Қызылордалық кәсіпкер Раушан Бейсенбаева бала кезінен әпкелерімен бірге қолөнермен айналысқанды ұнататын. Кейіннен ол бұл қабілетін дамытып, хоббиге айналдыра бастады. Мамандығы есепші Раушан Бейсенбаева Қармақшы ауданы Ақжар ауылында бас экономист болып жұмыс істеді, 2007 жылы Қызылорда қаласына көшуге шешім қабылдап, базарда маталар мен көрпелер сататын сауда орнын ашып, кәсіпкерлік жолын бастады. Тұтынушылар саны артқанын көрген Бейсенбаева өзінің бойындағы қолөнерге деген қабілетін пайдалана отырып өндірістік цех ашуға бел буды. Алғашында екі, сосын үш көмекші қыз алып, біртіндеп өндірісін үлкейте берді. Кәсіпкер өнімдерінің дизайнын өзі дайындайды, ал шеберлері одан әрі құрақ құрап, тапсырысты орындайды.

Цехта заманауи, жоғары сапалы, арнайы көрпелер, ұлттық ою-өрнегі бар жастықтар, әртүрлі бесік жасаулары, дастархандар, сыпыра, қыз жасаулары және т.б. тігіледі. Мата мен керек-жарақтар Қытай мен Өзбекстаннан жеткізіледі, сонымен қатар арнайы және ерекше тапсырыстар үшін Түркиядан да мата алынады.

2022 жылы айналым қаражатын толықтыру үшін несие алып, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында «Даму» Қорының субсидия және кепілдік құралдарын пайдаланды.

Нәтижесінде цехтағы тігін машиналары жаңартылды. Бұл заманауи машиналар ою-өрнек кестелейтін лазерлік машиналар, сонымен қатар көлемі үлкен көрпелерді де тігіп шығады. Раушан Бейсенбаева болашақта қалада үлкен дүкен ашуды жоспарлап отыр. Себебі ою-өрнегі қанық, ұлттық нақыштағы өнімдеріне сұраныс көп.

Қызылорда қаласы, Бекшораұлы көшесі, 69.

Инстаграм: @raushan_zhasau