info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Кондитерлік студияның негізін қалаушы шәй дастарханын түгел жасап бере алады

Жаңалықтар
09.06.2023

Анара Маханова еңбек жолын 2009 жылы кондитерлік өнімдер сататын компанияда сауда агенті ретінде бастаған. Сол жерде 3 жыл жұмыс істеп, тәжірибе жиған соң өзі жеке кәсіп ашып, әрекет етуге көшті. Алдымен Анара шалғай ауыл тұрғындарына Ресейден халық тұтынатын тауарлар әкеліп, сатумен айналыса бастады.

Кейіннен бұрынғы жұмысына қайта оралғысы келгенмен, жолы бола қоймады. Бірақ ұнжырғасын түсірмей, бірден курс оқып, Павлодардағы ірі компаниялардың біріне кондитердің көмекшісі болып орналасты. Осы ұжымда 2018 жылға дейін жұмыс істегеннен кейін, аға кондитер-аспаз лауазымына дейін көтерілді. Сол уақыттан бастап Анара өзінің авторлық торттары мен әр түрлі кондитерлік өнімдер шығара бастады және шеберлік сабақтарын өткізуге кірісті. Осы мақсатта ол шағын бөлмені жалға алды.

Биыл Анара Маханова кондитерлік цех, көрме залы, сондай-ақ шеберлік сабақтар өткізуге арналған бөлме ашу үшін «Қазақстан Халық Банкінен» 21,75%-бен несие алды. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазір ол қарызын тек алты пайызбен төлейді, айырмасы – мемлекеттік субсидия.

«Қазір көптеген мереке, үйлену той, түрлі іс-шаралардан тапсырыс түсіп тұрады. Мен өз клиенттеріме торт, кондитерлік өнімдер, десерт, жеміс-жидек пен кәмпиттерден тұратын шәй дастарханын толық жайып беретін қызмет ұсынамын», - дейді Анара Маханова.

Павлодар қ., Майра көшесі, 43 кв 59

Байланыс телефоны: +7 707 121 51 54

Instagram: @anara_bakery_pvl