info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408 Online Damu

Сіздің және жақындарыңыздың денсаулығына қамқорлық – біздің клиниканың басты мақсаты

Жаңалықтар
14.06.2023

«Азамат» ЖШС құрылтайшысы Есбосынова Дина Жұбанышқызы қалалық ауруханада офтальмолог дәрігер болып қызмет атқарды. 1996 жылы өзінің кәсібін бастауға шешім қабылдап, алдымен ем алушыларға өзі жалғыз медициналық қызметін көрсетті, бір жыл жұмыс істегеннен кейін мамандарды жинап, ғимаратты жалға алып, медициналық қызмет көрсететін «Атлант» клиникасын ашты. Клиниканың жергілікті тұрғындар арасында танымалдығы тез арада артып, 2002 жылы кәсіпкер жинақтаған қаражатына жалға алып өзі жұмыс жасап жүрген ғимаратын сатып алды, кейін клиника штатын ұлғайтып, қызмет көрсету аясын кеңейтті.

Бүгінгі таңда «Атлант» клиникасы нарықта орташа бағамен сапалы қызмет көрсететін көпсалалы медициналық мекеме саналады. Клиника жоғары білікті мамандар, заманауи жабдықтар мен жаңа диагностикалық және емдік технологиялар есебінен Қызылорда өңірі үшін денсаулық сақтау саласында сапалы қызмет ұсынуда.

2022 жылы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасының аясында «Даму» Қорының субсидия және кепілдік құралдарын қолдана отырып, клиниканы қайта құру, яғни клиника ауданын ұлғайту жұмыстарын жүргізді.

«Атлант» клиникасы өз ісінің мықты мамандарын жинаған - әрбір клиника дәрігерінің кемінде 10 жыл жұмыс тәжірибесі бар, соның арқасында клиника қала тұрғындары арасында өте танымал. Кәсіпкердің жұмыс тәжірибесі, сапалы қызмет көрсету және мамандардың жоғары кәсіби деңгейі ең жақсы нәтижеге қол жеткізуге және медицинаның дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз.

Мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Амангелді Иманов көшесі, 101.

Инстаграмм: @atlant_clinic_kzo