info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408 Online Damu

Жылыой ауданында жиһаз өндірісі дамып келеді

Жаңалықтар
03.07.2023

Бүгінгі таңда жиһаз өнеркәсібі елде қарқынды дамып келеді. Қазір тұтынушылар үшін интерьер және дизайнды ескере отырып, неғұрлым сапалы әрі функционалды жиһаз таңдауға мүмкіндіктер бар.

Жылыой ауданының тұрғыны Руслан Серікбаев ағаш ойып, зат жасауға бала кезден әуес болды. Оның қолынан шыққан заттарға жұрттың бәрі таң қалатын. Кейіннен жеке бизнес ашуына осы кәсіп түрткі болды. Мектеп бітірген соң Руслан құрылыс және мұнай өндіру саласында екі бірдей жоғары білім алды. Мұнай кәсіпорнында жұмыс істеп жүргенде жиһаз шығаратын цех ашуға бел буып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелді.

Бүгінде «Серікбаев» ЖК 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда ас үй жиһазының барлық түрі, басқа да дизайндағы заманауи жиһаздар, холл шкафтары, баспалдақтар жасалуда. Өнімдерге Жылыой және облыстың басқа да аудандары тұрғындарынан сұраныс мол.

«Серікбаев» ЖК бизнесті кеңейту жобасын «Қазақстан Халық Банкі» қолдап, 21,75 пайызбен несие мақұлдады. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында мұнда 7 пайызын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды.

«Біздің компанияның стратегиясы сенім пен сапа, қолайлы жиһаз жасау. Нақты мемлекеттік қолдаудың арқасында біз алдымызға жаңа мақсат қойып отырмыз және клиенттер санын арттыруға дайынбыз», - дейді кәсіпкер.

Жылыой ауданы, Құлсары қаласы

Инстаграм: @mebel.kulsary_serikbayev

+7 7029599985