info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408 Online Damu

Қор басшыларының ШҚО-ға жұмыс сапары

Жаңалықтар
16.08.2023

Бүгін «Даму» Қорының Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева Шығыс Қазақстан облысында болып, облыс әкімі Ермек Көшербаевпен кездесті. 

Кездесуде кәсіпкерлікті қолдау және дамыту шаралары, сондай-ақ облыс кәсіпкерлері үшін өңірлік қаржыландыру бағдарламасының мәселелері талқыланды. Бұдан соң Гаухар Бурибаева «Даму» Қорының бағдарламалары аясында мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындардың жұмысымен танысты. 

Осындай кәсіпорындардың бірі – «Востокремстроймонтаж» ЖШС. Компания экономиканың өнеркәсіп және аграрлық секторы үшін 2 500-ден астам түрлі резеңке бұйымдарын өндірумен айналысады. Басты тұтынушысы Қазақстандағы темір жол және локомотивтер мен вагондарды жөндеумен айналысатын кәсіпорындар. Компания инвестиция және айналым қаражатын толықтыру үшін «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алды. Жобаны «Банк Центр Кредит» АҚ қаржыландырды. 

Сондай-ақ, төрайым электр тарату және реттеу аппаратурасын өндіретін Өскемен конденсатор зауытында да болды. Кәсіпорын ТМД-дағы конденсатор құрылысының көшбасшысы, жекелеген төмен вольтты және жоғары вольтты конденсаторлардан бастап 35-330 кВ желілердегі реактив қуаттың орнын толтыру қондырғыларына дейін энергия үнемдейтін жабдықтардың көптеген түрін шығарады. Зауыт «Ұлттық жоба» аясында жабдықтарын жаңартып, айналым қаражатын толықтырды. 

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында 72,4 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Басым бөлігі көтерме және бөлшек сауда саласында. «Даму» Қоры бағдарлама жүзеге аса бастаған кезден бастап биылғы 1 тамызға дейін ШҚО-да 9 726 мың жобаға 531,4 млн теңгеге қолдау көрсеткен.