«Стекло-Сервис» – шыны шығаратын кәсіпорын

Жаңалықтар
27.05.2024

«Стекло-Сервис» ЖШС-нің негізі 1996 жылы шыны кесетін шағын цех ретінде қаланған. Ол кезде шеберханада жүк тиеуші, оюшы, сауда менеджері ғана жұмыс істейтін. Уақыт өте келе цех дами бастады және елеулі өзгерістер қажет болды. 2001 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып құрылды.

2004 жылдан бастап кәсіпорын қызмет аясын кеңейте бастады. Терезе шығаратын цех салынып, іске қосылды. 2007 жылы шыны өңдеу цехы пайдалануға берілді. 2010 жылы кәсіпорынның тауар өткізу нарығы аясы кеңейе бастады және ЖШС Батыс Қазақстанның барлық қалаларына жеткізілді. Ал 2011 жылдан бастап «Стекло-Сервис» өнімдерін Ресейге экспорттай бастады.

2012 жылы кәсіпорын жаңа ғимарат салды, пайдалануға берілді. Нәтижесінде өндіріс көлемі 3200 шаршы метрге дейін ұлғайды. Мұнда жаңа технологиялық жабдықтар – шыны күйдіретін пеш, ламинатталған шыны шығаратын желі іске қосылды. Жаңа жабдықты сатып алу үшін кәсіпорын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау құралын пайдалана отырып несие алды.

Нәтижесінде өндірілген өнім көлемін айтарлықтай ұлғайта алды, сонымен қатар өнімнің жаңа түрлерін шығаруды қолға алды.

2017 жылы шыны өңдеу бойынша өндірістік кешенді жаңғырту жобасының екінші кезеңін іске асыруды бастады. Осы жоба аясында да жаңа өндірістік цех салынды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін де кәсіпорын банктен несие алып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялады.

2023 жылы өнім ассортиментін кеңейту және қосымша құрал-жабдықтар сатып алу мақсатында кәсіпорын «Қазақстан Халық банкінен» несие алып, «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы бойынша субсидиялап, қарыз жүзін азайтты.

«Стекло-Сервис» кәсіпорыны – Қазақстандағы өнеркәсіптік мақсатта шыны өңдейтін ірі орталықтардың бірі.

Мекенжайы: БҚО,Орал қаласы, Сергей Тюленин көшесі, 49

Тел.: +7 (7112) 939 996

Сайт: www.steklo-service.kz