info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Талдықорғанда студент жастарға арналған тренинг өтті

Жаңалықтар
16.03.2016

Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Студент жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау» жобасы бойынша 6 күндік семинар өтті. Қатысқан жиырма студент бизнес бастау, кәсіпкерлікпен айналысу туралы қажетті білім алды.

Семинарда студенттер бизнес-жоспарды қорғау, нарықтық мүмкіндіктерді саралау мен маркетинг туралы теориялық білім алып қана қоймай, арнайы тапсырмалар мен көрсетілген тақырыптарды қолдана отырып тәжірибелік жұмыстар да жүргізді. Оқу барысында қаржылық тәуекелдер, бизнес жүргізу кезіндегі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану да ескерілді.

Семинарды замануи әдістер мен таныстыру технологияларын қолдана отырып кәсіби тренинг–дәріскерлер жүргізді. Оқуға қатысушылар сарапшылардан кеңес алып, бизнес жүргізу бойынша оқу құралдарына да қол жеткізді. Сондай-ақ «Алматы бояулар» ЖШС директоры М.Есболатов бизнес бастау және жүргізу бойынша шеберлік сабағын өткізіп, студенттерді жұмыстың қалай ұйымдастырылып, жүргізілетінін көзбен көру мақсатында өз кәсіпорнына шақырды.

Бұған дейін Алматы облысы бойынша «Даму» Қорының аймақтық филиалы мен И.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Меморандум «Студент жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау» жобасы аясында жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау болып табылады.

Алты күнге созылған семинар аяқталғаннан кейін студенттерге сертификат табысталды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жоба студенттер арасында үлкен қызығушылық туғызып, бизнес бастауға ынта туғызды. Топ жинау мен оқыту тоқсан сайын жүргізіледі. Бұл жайында толық ақпаратты Талдықорған қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан алуға болады.