А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік Университетінде 29 ақпан мен 5 наурыз аралығында студенттерге арналған 6 күндік семинар өтті. Жоба аясында студенттерді тәжірибелі бизнес-тренерлер бизнес ашу және жүргізу ісіне баулыды.
«Студент жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау» жобасының міндеті – студенттер арасындағы кәсіпкерлік бастамаларын анықтау; жастар мен ісін жаңа бастаған және бұрыннан кәсібі бар азаматтарға тренинг-семинарлар өткізу арқылы кәсіпкерліктің құзыретін көтеру; студент жастардың бизнес жобаларына кеңес беріп, жетелеу; ісін жаңа бастаған және бұрыннан кәсібі бар азаматтарға тәлімгерлердің қолдау көрсетуін жолға қойып, дамыту.
Осындай оқудан кейін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жастарға кеңес беріліп, жетекшілік көмек көрсетіледі. Онда жаңа кәсіпорын ашуға барлық жағынан көмектесіп, бизнес жоба жасауға, ШОБ субъектісі ретінде тіркеуге жәрдемдесіп, бизнес жүргізу сұрақтары бойынша кеңес беріледі. Сондай-ақ мамандар «Даму» Қоры жүзеге асыратын қаржылық қолдау бағдарламаларына қол жеткізу үшін қажетті құжаттар жинауға да қол ұшын береді.
Жастар үшін ең бастысы - тәлімгерлермен жұмыс істеу және бизнес-жоспарларын қорғау болмақ. Байқау комиссиясының мүшелері экономиканың басымдық берілген салаларына қатыстылығы, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік әсері, экологиялық әсері (қоршаған орта мен халық денсаулығына тигізуі), қаржыландыру көлемдері секілді талаптарды саралай келе, болашағы бар деген 4 жобаның иесін анықтады.
Үздік жобаның иелері 7 апта бойы тәжірибелік онлайн-оқудан өтіп, кәсіп ашу мен оны жүзеге асырудың қыр-сырларын меңгереді. Олар сайт жасауды, сатылым деңгейін көтеретін мәтін жазуды, жарнамалық баннер жасауды, сауданың тиімділігіне талдау жүргізуді, маркетингтік шаралар өткізуді, интернет арқылы тауар сатып, қызмет көрсетіп, ақша табу жолдарын үйренеді.