menu
Жабу

Жамбыл облысында студенттерге арналған бизнес-тренинг аяқталды

Жаңалықтар
09.03.2016

Тараз қаласында «Даму» қорының 2015–2018 жылдарға арналған кәсіпкерлік құзыретті арттыру біріңғай бағдарламасы бойынша «Студент жастар арасындағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау» оқыту жобасының бірінші тобы оқу-тренингтен өтті. Жоба М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетімен бірлесіп ұйымдастырылған.

Студенттер 6 күндік тренинг барысында тәжірибелі бизнес-тренерлер Назикова Жанагүл мен Насиббулина Аминаның қолдауымен болашақ мекемелерінің бизнес-моделін дайындап, кіріс-шығыс мүмкіндіктерін есептеді. Олардың көпшілігі бұл іспен бірінші рет айналысып отыр.

Оқу барысындағы білім мен тәжірибе болашақ кәсіпкерлерге жобаның (бастау, жоспарлау, іске асыру, аяқтау) барлық кезеңдерін жүзеге асыруға және мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Әр бөлімде болашақ кәсіпкер өз бизнесінің мысалы бойынша бірқатар тәжірибелік тапсырмалар орындап, жаттығулар жүргізді. Бұл – тәжірибе жинауға, үйренгенін жадында сақтауға деген үлкен мүмкіндік. Аталған жобаға студенттердің қызығушылығы өте жоғары болғанын ескере кеткен жөн. Ұйымдастырушылар әу баста 20 адам қатысады деп жоспарлаған. Алайда келгендер саны екі есе көп болды. Олар тренингті негізгі сабақтарымен қатар оқыды.

«Бұрындары өз кәсібімді ашсам, бизнеспен айналыссам деген ой болатын. Енді нақты мақсатым бар. Ол үшін білімнің алғашқы іргетасын қаладым. Бұдан былай ойға алған ісімді жүзеге асыруға кірісем. Бизнес-тренерлердің өте білікті екенін атап айтқым келеді. Ол кісілер көп нәрсені ұғынықты әрі кәсіби түрде түсіндірді», - дейді 3 курс студенті Күлишев Жамбыл Мұхтарұлы.

Жобаның мақсаты - Қазақстандағы арнайы жоғарғы және орта оқу орындарында оқитын, жасы 18–29 жас аралығындағы студент жастардың кәсіпкерлік білімін және жеке біліктілігін арттыру арқылы бизнес бастамаларды қолдау болып табылады.