menu
Жабу

«Даму-көмек» бағдарламасының аясында I топтағы мүгедек Сергей Островскийге тұрмыстық техника мен жиһаз тапсырылды.

Жаңалықтар
24.03.2016

18 наурыз күні Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлерді қолдау орталығында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Даму-көмек» бағдарламасының аясында 1 топтағы мүгедек Сергей Островскийге тұрмыстық техника мен жиһаз тапсырылды.

Бала кезінен бері көзі нашар көретін Сергей Островский 2011 жылы дұрыс жасалмаған отадан соң мүлдем су қарағы болып қалды. Өміріндегі осы сәтсіздікке қарамастан, ол еңсесін түсірген емес. Өзі секілді мүгедек болып қалған жандарға, әсіресе зағип балаларға көмек көрсететін ұйым құруға бекінді. Сөйтіп 2015 жылы мүгедек балаларға арналған қор құрды. Енді көзі көрмейтін жандарға арналған компьютер сыныбын ашқысы келеді.

- Көзі мүлдем көрмей қалған адам – ешкімнен кем емес. Тең құрбысымен қатар араласып, дамып отыруы керек. Мысалы мен 5 жыл бұрын арнайы бағдарламаның көмегімен компьютерде жұмыс істеуді үйреніп, қазір өзім сияқты жандармен интернет арқылы байланысқа шығып отырамын. Компьютер үйреніп алса мен секілді жандардың барлығы жұмыс таба алар еді. Шымкентте көзі көрмейтін бағдарламалаушылар бар. Кітапхана жұмыс істейді. Түрлі ақпараттарды дискке көшіріп бере алады. Осындай орталық бізде неге ашпасқа?- деген ойға келдім. Менің есебімше, бізде 1000-нан аса зағип жандар бар. Бірақ тіркелгендері аз. Көбі алыс аудандарда тұрады. Біреулер мүгедек деп тіркелуге ұялады. Сөйтіп төрт қабырғаға қамалып отыр. Оларды оқытып, үйретіп, интернет қосылған компьютер берсе ауылда отырып-ақ достар тауып, өмірге құлшынысы артар еді,- дейді Сергей Островский.

Сергейдің компьютер сыныбын ашсам деген арманы бар. Ол үшін ғимарат пен біршама компьютер керек. Сондықтан да Сергей «Даму» қорына келіп көмек сұрады. «Даму Көмек» бағдарламасының аясында компьютер мен компьютерге арналған үстелге осылай қол жеткізді.

Енді Сергей Островский «БЖК 2020» бадарламасы аясында грант алуда бағын сынап көрмек.

Мұнымен қатар, қор қызметкерлері арнайы мониторинг сапары барысында Ырғыз ауданының үйде іс тігіп күнелтіп отырған 2 топ мүгедегі К. Қопабаеваға тігін мәшинесін табыстады.

Демеушілік көмек үшін мүмкіндігі шектеулі жандар алғысын жаудырды.