«БЖК 2020» бағдарламасы аясында Қаратау қаласының кәсіпкері өз бизнесін кеңейтті

Жаңалықтар
02.05.2017

Алтынбек Төребекұлы 2009 жылы колледждегі оқуын бітіре салып бірден кәсіпкерлікке кірісті. Ата-анасының жиған қаражатына «Газель» маркалы автокөлігін сатып алып, Тараз бен Қаратау қалалары арасында азық-түлікті көтерме бағамен жеткізумен айналысты.

Уақыт өте келе қаражат жинаған Алтынбек Торебекұлы жер телімін сатып алып, 2016 жылдың сәуір айында құрылысы аяқталған сауда орталығын ашты.

Қос қабаттан тұратын сауда орталығының бірінші қабатында көтерме-бөлшек сауда супермаркеті орналасса, екінші қабатта балаларға арналған ойын-сауық орталығы орналасты.

Өз қаласының көтерме саудамен айналысатын компанияларды тарту мақсатында тауар түрлерін ұлғайту үшін, кәсіпкер көлемі жылдық мөлшерлемесі 19 пайыз болатын 25 млн теңгені «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы несиеге алды.

«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында бірінші бағыт бойынша моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге салалық шектеусіз мемлекеттік қолдау көрсетіледі.   

Бағдарламаға қатысу кәсіпкерге несие бойынша пайыздық мөлшерлемесін 9%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. 10% мемлекет өтеп берді. Сондай-ақ кепілдіктің жетіспеуіне байланысты, «Даму» Қоры 7,8 млн теңге мөлшерінде кепілдеме берген.