"Даму" Қоры "Жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялау тәуекелдерін азайту"жобасының аяқталуына байланысты БҰҰДБ-ның қорытынды іс-шарасына қатысты.
2024 жылғы 13 тамызда Rixos President Astana қонақ үйінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) "Жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялау тәуекелдерін азайту" (ЖЭК) жобасының қорытынды іс-шарасы өтті. Іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдарының, энергетика және қаржы секторының негізгі өкілдері қатысты.
"Даму" Қорының Басқарма төрағасы Гаухар Бурибаева аяқталған жобаның маңыздылығын және Қордың жасыл экономиканы дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, құттықтау сөз сөйледі. Соңғы бірнеше жылда БҰҰДБ-мен серіктестіктің арқасында "Даму" Қоры жаңартылатын энергетика секторына жеке инвестицияларды тартуға және 150-ден астам жасыл жобаларды қолдауға белсенді үлес қосты. Бірлескен күш-жігер шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін пайыздық үстемені субсидиялауды және несиелерге кепілдік беруді қоса алғанда, маңызды бастамаларды іске асыруға әкелді, бұл Қазақстанда жасыл технологиялардың дамуына ықпал етті. Осы жоба аясында субсидиялау құралы бойынша 2,351 миллиард теңге несие сомасына 25 жоба қолдау тапты. Түркістан облысы, Сайрам ауданында 315 миллион теңге несие сомасына жылыжай кешені үшін күн панельдерін орнату қолдау тапқан соңғы жобалардың бірі болып табылады.
Ынтымақтастықтың басты жетістіктерінің бірі ШОБ үшін жасыл қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа қаржы құралдарын енгізу және тестілеу болды. Осы серіктестік аясында "Даму" Қоры салаға инвестиция тартуға көмектесетін бірқатар инновациялық механизмді енгізді. Сондай-ақ, осы бағдарлама аясында Қор Қазақстанда алғашқы жасыл облигацияларды орналастырды, бұл елдегі жасыл қаржыландыруды одан әрі дамыту үшін маңызды қадам болды.
Іс-шарада сондай-ақ "Даму" Қорын субсидиялау департаментінің директоры Сәуле Әбішева сөз сөйлеп, Қордың жасыл жобаларды іске асырудағы тәжірибесін және одан әрі даму мүмкіндіктерін таныстыра отырып, "Тұрақты жасыл қаржыландыруға көзқарастар" атты сессиясына қатысты.
"Даму" Қоры ESG қағидаттарын ұстануды жалғастыруда және экологиялық жүктемені төмендетуге және жасыл технологияларға инвестициялар тартуға бағытталған бастамаларды қолдай отырып, Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы үшін жағдай жасауға барынша ұмтылады.
БҰҰДБ жобасын аяқтау Қазақстанның жасыл энергетикасын дамытудағы маңызды кезең болып табылады, бірақ алда әлі де көптеген сын-қатерлер мен мүмкіндіктер бар. "Даму" Қоры елдің орнықты дамуы бойынша ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін БҰҰДБ және басқа серіктестермен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға дайын.
БҰҰДБ 2017 жылдан бастап "Даму" Қорының серіктесі болып табылады, біздің ұйымдар арасындағы ынтымақтастық ҚР кәсіпкерлігін қолдау және дамыту жөніндегі мақсаттарды іске асыруда оң нәтижеге ие. БҰҰДБ-ның "Даму" Қорымен ынтымақтастығы шеңберінде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму жөніндегі бағдарламалар әзірленіп, енгізілді. Қалалық инфрақұрылымның энергия тиімділігі жобаларын қолдау және дамыту және CO2 газының бөлінуін азайту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялау тәуекелдерін азайту жөніндегі құралдар іске асырылуда. Ынтымақтастық аясында 3 келісім жасалып, 6,8 миллиард теңге несие сомасына 81 жоба қолдау тапты.