menu
Жабу

Кеңес ал!

Бір қадам – мың тарау жолға бастайды

08.07.2025

2022 жылдың 8 тамызында Жанар Сергазина досы Устюгова Анастасиямен бірге Ұлытау облысында бұрын-соңды болмаған жобаны қолға алды. Жанар Терілікбайқызы мен Анастасия Владимировна балалаларға арналған шығармашылық студия, соның ішінде анимация және моушн-дизайн студиясын ашуға бел буды. Балалар бұл жерде мультфильм түсіру, анимация жасау және өз дауысымен кейіпкерлердің рөлін дыбыстауды үйренеді. Бұл — студияның басты ерекшелігі болды. 

Жобаға салатын ірі капитал болмағанымен, кәсіпкер анимация франшизасын бөліп төлеу арқылы сатып алып, жалға алынған ғимаратта жұмыс бастады. Бірден сұраныс артып, басқа бағыттарға да қызығушылық пайда болды.

Бүгінде студияда: анимация, сурет сал, шахмат, дайындық лагері, мотивация лагері, «Ана мектебі» клубы, «Малышарики» тобы, ерте дамыту тобы (3–5 жас),

ұзартылған күн тобы, балалар нейропсихологы, балалар нейрологопеді, дефектолог, балалар бассейні бар. 

Қызметкерлер саны артты. Қазір «Smart Kids» орталығында қазақ және орыс тілінде сабақ беретін білікті мамандар жұмыс істейді. 

2022 мен 2024 жылдар аралығында Сергазина ЖК ғимаратты жалға алу мен орналасу мәселелеріне байланысты бірқатар қиындықтарға тап болды. Бірнеше рет орын ауыстырғаннан кейін, 2024 жылы Жанар мен Анастасия балалардың ерте дамуы мен шығармашылық білім беру бағытында сапалы қызмет көрсету үшін өз ғимараттарын сатып алуға шешім қабылдап, Ұлытау облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан мемлекеттік қолдауға жүгінді.

Әлеуметтік кәсіпкер статусына ие болғандықтан жоба «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында қолдау алды. «Қазақстан Халық банкі» АҚ берген 19,25%-дық несиенің 12,25%-ын мемлекет аталған бағдарлама бойынша субсидиялайды, ал кәсіпкер тек 7%-бен ғана төлейді. Бұл – жобаны табысты жүзеге асыруға және оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Қазір студия барлық бағыт бойынша 200-ден астам баланы оқытуда. Болашақта мектепке дейінгі балалар үшін қосымша орындар ашу және қамту үшін жеке балабақша ашу жоспарлануда.

Жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге Жанар мен Анастасия: «бастысы — қорықсаң да қадам бас! Алға жүр! Қорықпа» - деп кеңес береді. 

Мекенжай: Жезқазған қ., Есенберлин көшесі, 53А

Телефон: +7 705 210 9902

Instagram: @smart_kids_zhez