Халықаралық шахмат күніне орай, «Даму» Қоры қызметкерлері мен Жансая Әбдімәліктің Шахмат академиясы шәкірттерінің арасында тартысты ойын өтті
«Қаржыгерлер» командасының капитаны - Қордың Алматы филиалының директоры Алмат Нұрахметов болса, «Академиктер» командасын шахматшы қыз, гроссмейстер Жансая өзі бастап келген.
«Ұрпақтар жарысы» – Қор мен екінші деңгейлі банк қызметкерлерінің мектеп оқушыларымен сайысы. Бүгінгі турнир өте тартысты өтіп жатыр. Балалардың жеңіске деген құлшынысын көрсеңіздер ғой! Ересектердің қызығушылығы тіптен ерекше. Себебі олардың қарсыласы 6-7 жастағы балалар», – дейді «Даму» Қоры Алматы қалалық филиалының директоры Алмат Нұрахметов.
«Академиктер» әлі бүлдіршін болғанына қарамастан 58:10 есебімен жеңіске жетті. Олар өздерінің нағыз шахмат шеберлері екенін дәлелдеді.
«Бұл өте ерекше кездесу болды. Себебі бұған дейін мұндай турнир еш жерде ұйымдастырылмаған еді. Қай ұрпақтың мықты екенін де байқауға болады. Өте жақсы дайындалған, бірінші зарядты, спорт шеберлігіне кандидат 6 жастағы балалар да бар. Олар мұндай сайысқа үйренген. Себебі академияда ересектермен жиі бәсекелес болады. Психологиялық тұрғыда бұған дайын болып келді десек те болады»», – дейді Жансая Әбдімәлік.
Нәтижесінде балалардың арасында барлығы үздік болып танылды. Ал жиырма шақты ересектің ішінде алтауы қара үзіп шықты. Олар: Ахат Аришев (HalykBank), Малика Джумабаева (Qazkom), Алексей Затуринский (Сбербанк Қазақстан), Арман Жетпіс («Даму»), Ермек Қазым («Даму»), Еламан Баймаханов (Банк ЦентрКредит).
Турнирге қатысушыларға естелік сыйлықтар, шахмат жиынтықтары тапсырылды.