menu
Жабу

Кеңес ал!

«Сырдария» спорттық-зияткерлік орталығы – болашақ жеңімпаздар мекені

10.07.2025

«Сырдария» спорттық-зияткерлік орталығының табыс тарихы — оның негізін қалаушы Елусинов Біржанның арманына, сеніміне және көп жылдық тәжірибесіне негізделген. Кәсіпкерлік қызметін ол 2022 жылы ресми түрде бастағанымен, орталықтың идеясы бұдан әлдеқайда бұрын пайда болған. Жобаны іске қоспас бұрын Елусинов тоғызқұмалақтан жаттықтырушы және мұғалім болып жұмыс істеді, сондай-ақ облыстық зияткерлік қауымдастықтың атқарушы директоры қызметін атқарды. Оның бұл ежелгі қазақ ойынын дамытуға қосқан үлесі республикалық деңгейде мойындалып, Қазақстан Республикасының жаттықтырушысы атағын иеленді. 

Жастардың дамуына серпін беретін спорт, зияткерлік және шығармашылық бағыттарды бір кеңістікте біріктіру идеясынан шабыт алған кәсіпкер 2022 жылы бірегей орталық ашты. Бүгінде бұл орталықта спорттық үйірмелерден бастап шығармашылық бағыттарға дейін бірнеше бағытта сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, орталықтың Қызылорда облысы бойынша төрт филиалы жұмыс істейді. 

2024 жылы кәсіпкер «Даму» қорының қолдауымен Қазақстан Халық Банкінен қаржыландыруға жүгінді. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында сыйақы мөлшерлемесі 19,5%-дан 9%-ға дейін төмендетілді, ал айырмашылықты «Даму» қоры субсидиялайды. Осы қолдаудың арқасында бұрын жалға алынған ғимарат меншікке сатып алынды. Қазір бұл кең әрі ыңғайлы орналасқан ғимаратта 250-ге жуық бала өздері сүйетін бағыттармен айналысып жатыр. 

«Сырдария» спорттық-зияткерлік орталығының мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге сапалы қосымша білім беру, оларды спортқа, зияткерлік және шығармашылық бағыттарға тарту. Мұнда балалар өздерінің логикасы мен ойлау қабілетінен бастап, шығармашылық және физикалық қабілеттерін де қатар дамыта алады. Сонымен қатар балалар қалалық, облыстық және республикалық жарыстарға үнемі қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Балалардың жетістіктері — бұл орталықтың мақтанышы және жаттықтырушылардың кәсіби еңбегінің нәтижесі. 

Орталықтағы үйірмелер мен секциялар:

         •        Тоғызқұмалақ

         •        Шахмат

         •        Бес тас

         •        Каратэ

         •        Сурет салу

            •          Ағылшын тілі

 

Орталықтың бірінші қабатында заманауи коворкинг кеңістігі жұмыс істейді. Мұнда тренингтер, семинарлар, байқаулар және тақырыптық іс-шаралар өткізіледі. 

«Сырдария» спорттық-зияткерлік орталығы жобасы – жеке құлшыныс, кәсібилік пен әлеуметтік жауапкершілік біріккенде, қоғамға нақты пайда әкелетін ірі жобаға айналатынын көрсететін жарқын мысал. Орталық үздіксіз дамып, жаңа ұрпақты – күшті, білімді және шығармашыл жастарды шабыттандыруды жалғастыруда.

 мекенжайы: Қызылорда қаласы, Журба көшесі, 63-үй

телефон: 8 707 387 56 85

инст : @syrdarya.kz