Шағын және орта бизнеске мемлекеттен көрсетілетін көмек халық тұтынатын тауарлар шығару ісін ынталандыруды ғана емес, сонымен қатар сапалы қызмет көрсету саласын дамытуды да көздейді.
Павлодарда 14 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Stomline» клиникасы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында алғаш рет 2015 жылы несиеге қол жеткізіп, жеке ғимарат сатып алып, жабдықтарын жаңартқан.
Қазір стоматология протездеу, тіс жұлу, ағарту және тазалау, флюс емдеу, ауыз қуысын рентгенге түсіру, винирлеу секілді көптеген қызметтерді ұсынады.
«Біздің клиника Павлодар облысындағы ең ірі стоматология болып саналады. Клиенттеріміз тарапынан үнемі көңіл толарлық пікірлер естіп отырамыз. Емделушілер саны жыл өткен сайын артып келе жатқандықтан, стоматологияны кеңейту туралы шешім қабылдадық», - дейді «Стомлайн» ЖШС директоры Елена Владимировна Орлова.
Компания мемлекеттік қолдау үшін «Даму» Қорына қайта жүгінді. «Еуразиялық банк» АҚ арқылы стоматологияны кеңейту және жаңа жабдықтар сатып алу үшін «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңіл несиеге қол жеткізді. Сондай-ақ Қор кепілдік берді.