menu
Жабу

«Қазақстанда жасалған» көрмесіне Қостанай облысынан үздік кәсіпорындар барды

Жаңалықтар
01.08.2017

28–30 шілде күндері Астанада «Даму» Қорының ұйымдастыруымен отандық өндірушілердің «Қазақстанда жасалған» атты көрмесі өткізілді. Көрме мемлекеттен қолдау алған 350–ден астам кәсіпорындардың басын қосты. Олардың арасында азық-түлік, жиһаз, киім-кешек, техника, құрал-жабдық, әшекей, кәдесый тағы басқа да көптеген өнім шығарушылар бар.



Елордада Қостанай облысының намысын қорғаған «Баян Сұлу» АҚ өзінің әйгілі тәттілерін, «Лидер – 2010» және «Милх» кәсіпорындары сүт өнімдерін әкеліп, Қостанай ұн комбинаты «Корона» макарондарын көрсетіп, Мибеко кәсіпорны ұн және жарма өнімдерін жеткізді. «Садовод» ШҚ өз көкөністерін отырғызу, өсіру және жинау процесін паш етті. «KARDIGANS.KZ» және «Тойбастардың» тоқыма бұйымдарын киіп көріп, сатып алу мүмкіндігі болды. Аты жазылған қасық, дизайнерлік суреттер, ағаштан жасалған бұйымдардың барлығын көрме орталығына сыйдыру мүмкін болмады сыйдыра алмады.


Көрме отандық тауар өндірушілердің «Ұлы дала елі» атты ІІІ форумының аясында өтті. Форумның мақсаты – өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы байланысты жақсарту, өнімнің сапасын арттыру және оны бәсекеге қабілетті етіп, экспортқа шығару.


Биыл «Даму» Қорына 20 жыл толады. Осыған байланысты Қор «Үздік жиырма өндіруші» атты шара аясында мемлекеттік қолдау алған 20 кәсіпорынды анықтады. Астанадағы форум кезінде олардың аты аталып, құрмет грамоталарымен марапатталды.


«Даму» Қорының «тұрақты/ең жақсы клиент» аталымы бойынша Қостанай облысының «Лидер-2010» ЖШС марапатталды.



Көрме аяқталған соң барлық қатысушылар «Даму» Қорының Басқарма Төрағасы Абай Сарқұловтың қолынан диплом алды.