menu
Жабу

Кеңес ал!

Қарапайым кәсіптен — өңірлік көшбасшылыққа дейінгі жол

24.07.2025

Айдос Үсенұлы Алменов Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жас кәсіпкер өзінің алғашқы кәсібін небәрі 18 жасында ет сатудан бастады. Күнделікті тұтынушының сұранысын жіті бақылаған ол нарықта тез дайындалатын жартылай фабрикаттарға сұраныс жоғары екенін байқады. Осы қажеттілікті кәсіби мүмкіндікке айналдырып, 2011 жылы «KEREMET-ET» брендімен алғашқы өнімдерін шығарды. Бұл өнімдер халық арасында бірден танымал бола бастады. Ол кезде цех те шағын, жабдықтар да қарапайым еді. Бірақ үлкен мақсат пен еңбекқорлық бәрін өзгертті.

2017 жылы кәсіпкер жаңа өндіріс цехының құрылысын бастайды. Ал 2019 жылы «Даму» қорының қолдауымен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында банктен жеңілдетілген 6%-дық несие алып, жобаны сәтті аяқтайды Бұл сәтті қадам кәсіптің жаңа деңгейге көтерілуіне себеп болды.

Қазіргі таңда Айдос Үсенұлы басқаратын ALBARAKAT DISTRIBUTION өндірісі – өңірдегі жартылай фабрикаттар нарығының көшбасшысы. Компания екі негізгі брендпен жұмыс істейді: KEREMET-ET – сиыр және тауық етінен жасалған 10 түрлі өнім шығарса, ал DASTFOOD – жайма, пицца, самса, қатпарлы қамыр секілді 6 түрлі қамыр өнімдерімен танымал. Жылдық өндіріс көлемі – 240 тоннаны құрайды. Бұл – әрбір өнімге деген сұраныс пен сенімнің нақты дәлелі.

Өнім сапасына деген талап өте жоғары. Шикізат Астана қаласынан арнайы мұздатылған күйде жеткізіліп, екі кезеңдік тазартудан өтеді. Әрбір процесс – технологтардың бақылауында. Компанияда барлығы 10 адам жұмыс істейді. Бірақ бұл 10 адамның еңбегі жүздеген отбасының дастарқанына сапалы өнім сыйлауда.

Қазір компания аптасына мыңдаған сауда нүктесіне дейін өнім жеткізеді. Оның ішінде – MAGNUM, SMALL, QYZYLORDA, RADUGA сияқты ірі сауда желілері бар. Бұл – кәсібиліктің, жауапкершіліктің, күнделікті еңбектің айқын нәтижесі.

Компания қаптаманың сапасына, өнім туралы ақпараттың толық берілуіне ерекше мән береді. Әрбір қаптамады тұтынушыға қажет барлық дерек бар: дайындау тәсілі, сақтау мерзімі, қапталған күні – бәрі нақты, ашық көрсетілген. Себебі басты мақсат – тұтынушыға сапалы әрі қауіпсіз өнім жеткізу.

Бүгінгі таңда кәсіпорын тек өңір ішіндегі нарықты қамтып қана қоймай, Астана қаласына да өнім жеткізеді. Болашақтағы жоспар – өндірісті кеңейту, жаңа технологиялар енгізу және экспорттық бағыттарды игеру. Компания қызметкерлері үшін арнайы оқыту курстары ұйымдастырылып, тіпті Германиядан келген сарапшының кеңестері де енгізіліп жатыр.

KEREMET-ET және DASTFOOD брендтері – бұл жай ғана өнім емес, бұл – сапаға деген адалдықтың, тұтынушыға деген жауапкершіліктің және отандық кәсіпкерліктің табысты жолының көрінісі. Қазақстандық тұтынушыға дәмді, таза әрі қауіпсіз өнім ұсыну – компанияның басты миссиясы және бұл миссияны жүзеге асыру жолында кәсіпкерлік шабыт пен еңбек үздіксіз жұмыс жасайды.

Қызылорда қаласы, әл-Фараби көшесі, 181

Тел: +7 707 120 90 90, +7 705 600 69 93

Instagram: abd.onimderi