Кеңес ал!
Нұрсұлу Шамшудинқызы — «Айсара» жеке кәсіпкер, «Айсара тәтті әлемі» брендінің негізін қалаушы, көпбалалы ана және өз ісіне адал, табандылығы мен еңбегінің арқасында кәсібін өркендеткен кәсіпкер. Оның табысқа жету жолы 2018 жылы декреттік демалыс кезеңінде бастау алып, қарапайым үй жағдайындағы хоббиден тұрақты әрі сұранысқа ие кәсіпке айналды.
Декретте отырған кезеңде Нұрсұлу Шамшудинқызы өзін тек отбасылық міндеттермен шектемей, ішкі шығармашылық әлеуетін дамытуға ұмтылды. Қонақ күтуді, дастарқанды әсемдеуді ерекше жақсы көретін ол алғаш рет балаларына арнап үй жағдайында торт пісіріп көрді. Сол уақытта Қазақстанда сапалы, заманауи әрі эстетикалық безендірілген кондитерлік өнімдерге деген сұраныс артып келе жатқан еді. Осы мүмкіндікті дер кезінде аңғарған Нұрсұлу кәсіби дамуға бет бұрып, түрлі шеберлік сабақтарына қатысып, кондитерлік өнердің қыр-сырын терең меңгере бастайды.
Алғашқы тұтынушылары оның жақын туыстары мен таныстары болды. Үйге келген қонақтар торттардың дәмі мен сапасына жоғары баға беріп, тұрақты тапсырыс берушілерге айналды. Бастапқыда бұл істің үлкен бизнеске ұласатынын жоспарламағанымен, сұраныстың күн санап артуы оны жаңа қадамдарға жетеледі.
Кейінірек Ақмола облысы, Талапкер ауылында жеке чаттар арқылы өнімдерін жарнамалап, тапсырыс қабылдай бастайды. Екі жылға жуық уақыт бойы үй жағдайында үздіксіз еңбек етіп, кей кездері түнгі уақытқа дейін қарапайым қол миксермен торттар дайындап, тапсырыстарды уақытылы орындауға бар күшін салды. Ауыл тұрғындары арасында «Айсара тәтті әлемі» атауы сапа мен сенімнің символына айналды.
Уақыт өте келе Нұрсұлу Шамшудинқызы кәсібін кеңейту үшін маңызды әрі батыл шешім қабылдап, қалаға қоныс аударады. Бұл оның кәсіби жолындағы жаңа кезеңнің бастамасы болды. 2020 жылы алғашқы кондитерлік дүкенін ашып, өз брендін ресми түрде нарыққа шығарды. Ал 2022 жылы Астана қаласында жаңа нүкте ашып, қызмет аясын кеңейтті. Кәсіп күн сайын дамып, жаңа клиенттер қатары көбейіп, «Айсара тәтті әлемі» елорда тұрғындары арасында танымал бола бастады.
Брендтің танымалдығы артып, Нұрсұлу Шамшудинқызы Astana радиосына арнайы шақырылып, өз табыс тарихымен бөлісті. Оның қарапайым декреттік демалыстан басталған өмір жолы көпшілікке шабыт сыйлап, кәсіпкер ретінде беделін арттырды.
2025 жылы бизнесті одан әрі дамыту мақсатында Нұрсұлу Шамшудинқызы Даму қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит рәсімдеп, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алды. Бұл қадам брендтің тұрақты дамуына және жаңа бағыттарды іске қосуына жол ашты.
Бүгінде «Асара тәтті әлемі» ассортиментінде торттардың барлық түрі, сондай-ақ жартылай фабрикаттар ұсынылады. Өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі QNDB Halal сертификатымен расталған. Бұл — тұтынушылардың сенімін арттырып, брендтің нарықтағы орнын нығайта түскен маңызды көрсеткіш.
Нұрсұлу Шамшудинқызының табыс тарихы — табандылықтың, еңбектің және өз ісіне деген сенімнің айқын үлгісі. Ол бүгінгі күні тек табысты кәсіпкер ғана емес, көптеген әйелдер мен жас кәсіпкерлерге мотивация беретін жарқын тұлға.
Телефон: 8 707 143 94 85
Instagram:@ aisara_tatti_alemi