Кеңес ал!
2020 жылы Мұратбекқызы Гүлзия кондитерлік бизнеске кәсіпкер ретінде келемін деп мүлде ойламаған еді. Мамандығы бойынша ол заңгер, ұзақ жылдар бойы ЖШС-де заңгер болып жұмыс істеген. Алайда бәрі бұдан әлдеқайда ертерек — 2018 жылы Гүлзия декреттік демалыста жүрген кезінде басталған болатын.
Ұлының туған күніне орай ол алғаш рет тортты өз қолымен пісіріп көреді. Бұл торт тек отбасына арналған тәтті ғана емес, үлкен жолдың бастауы болды. Дәмі мен безендірілуі қонақтарға қатты ұнап, көп ұзамай Гүлзиядан таныстары, достары мен туыстары тәтті тағамдар дайындап беруін сұрай бастайды.
Алғашында бұл тек хобби және жақындарын қуантуға деген ниет еді. Гүлзия өз үйінде, қарапайым ас үйде пісіріп, шеберлігін біртіндеп жетілдіріп, тұтынушылардың сеніміне ие бола бастады. Әрбір жаңа тапсырыспен бірге өзіне деген сенімі артып, бұл істің өмірлік кәсібіне айналуы мүмкін екенін түсінді.
2021 жылы ол алғашқы маңызды қадамын жасап, үйінің жанындағы уақытша ғимаратта шағын өндіріс ұйымдастырып, алғашқы көмекшісін жұмысқа алды. Бұл оңай болған жоқ, бірақ дәл осы кезеңде Гүлзия өзін нағыз кәсіпкер ретінде сезінді.
Отбасының қолдауы ерекше рөл атқарды. Жақындарының көмегімен негізгі үйінің қасынан екінші үй сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілді де, ол толыққанды жұмыс орнына айналды. Өнім түрлері кеңейе бастады: нан-тоқаш өнімдеріне қоса жартылай фабрикаттар мен басқа да өнімдер шығарыла бастады. Тұтынушылар саны да арта түсті.
Гүлзия үнемі ізденіп, кәсіби тұрғыда дамып отырды. Ол Астана, Алматы және Ақтау қалаларында өткен кәсіби шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе жинақтады, жаңа технологияларды енгізіп, өнім сапасын жақсартты. Уақыт өте келе команда да кеңейіп, қызметкерлер саны 7 адамға дейін өсті.
Өнімдері біртіндеп танымал болып, бизнесі сұранысқа ие бола бастады. Гүлзия көптеген қалалық және көшпелі іс-шараларға қатысып, өз брендіне деген сенімді нығайтып, тұтынушылар аясын кеңейтті.
Бизнес үшін жаңа даму кезеңі 2024 жыл болды. Гүлзия өзіне тиесілі коммерциялық нысан — өндірістік цех сатып алу үшін несие алды. «Даму» қорының қолдауы нәтижесінде несие мөлшерлемесі жылдық 7%-ға дейін төмендетіліп, бұл өндірісті кеңейтуге және бизнесті әрі қарай дамытуға мүмкіндік берді.
Бүгінде Гүлзияның командасында 25 адам жұмыс істейді. Осы жылы өндірістік цехқа қосымша ғимарат сатып алынып, ол барлық санитарлық және технологиялық талаптарға толық сай етіп кеңейтілді.
Қазіргі таңда кәсіпорын Шиелі ауданының 5 мейрамханасымен және 3 супермаркетімен тұрақты түрде жұмыс істейді, сондай-ақ өнімдерін аудан шегінен тыс басқа өңірлерге де жеткізуде.
Биылғы жылдың маңызды жетістіктерінің бірі — OMARIS тауарлық белгісінің ресми түрде тіркелуі. Бұл брендтің танымалдылығын арттырып, тұтынушылардың сенімін нығайтуға тағы бір қадам болды.
Дегенмен, Гүлзия жеткен жетістіктерімен шектелмейді. Алдағы жоспарында — одан әрі даму, үздіксіз білім алу, жаңа дағдыларды меңгеру және өнім ассортиментін кеңейту бар. Оның басты мақсаты өзгеріссіз қалады: сапалы, дәмді әрі сұранысқа ие өнім өндіру.
Мекен-жайы: Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі кенті, Т.Рысқұлов көшесі, 14А
Тел: +7 775 218 04 74
Инстаргам: omar_tort