menu
Жабу

Кеңес ал!

Отбасылық бизнес қалай ойыншық фабрикасына айналды

26.12.2025

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстандағы балаларға арналған пластмассадан жасалған ойыншықтар нарығы негізінен импортқа тәуелді еді. Алайда кәсіпкер Рабига Байтемирова отбасы мүшелерімен бірге бұл жағдайды өзгертуді мақсат етіп, отандық өндірісті дамытуға бел буды. Осылайша Шымкент қаласында балалар ойыншықтарын шығаратын жеке кәсіпорын пайда болды.

Өндіріс жолы 1990-жылдары бастау алды. Ол кезде Рабига жұбайымен бірге балалар ойыншықтарын сатумен айналысқан. Сауда саласындағы тәжірибе нарықты терең зерттеуге мүмкіндік беріп, ең бастысы – сапалы ойыншықтарға деген сұраныстың әрдайым жоғары болатынын көрсетті. Дәл сол жылдары Рабигада бір күні өз өндірісін жолға қою туралы идея қалыптасты.

Бұл шешімнің қабылдануына Рабиғаның ұлы ерекше әсер етті. Ол бала кезінен ойыншықтар зауыты туралы армандап, Қытайдың жоғары оқу орындарының бірінде білім ала жүріп, осы ойына толық сеніммен кірісе бастады. Оның білімі, сенімі мен ынтасы отбасы үшін нақты әрекетке көшудің басты қозғаушы күші болды. Технологиялар мен жабдықтар зерттеліп, нәтижесінде құны 30 мың АҚШ долларын құрайтын алғашқы станок сатып алынды.

Алғашқы нәтижелер көп күттірмеді. 2013 жылы кәсіпорын алғашқы өнімін – 200 дана ойыншық самосвал көлігін шығарды. Кәсіптің дамуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауы маңызды рөл атқарды. Қолдаудың арқасында қосымша жабдықтар алынып, өндіріс көлемі ұлғайды. Нәтижесінде цех айына 7 мың ойыншық шығарса, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 10 мың данаға дейін өсті.

2016 жылы Рабига Байтемирова өндірісті жаңа деңгейге шығару мақсатында «Оңтүстік» индустриялық аймағында толыққанды фабрика салу жөнінде стратегиялық шешім қабылдады. Жоба айтарлықтай қаржы мен күш-жігерді талап еткеніне қарамастан, «Даму» қорының қолдауы мен жеңілдетілген қаржыландыру табысты жүзеге асырудың шешуші факторы болды.

Келесі маңызды кезең 2023 жылы орын алды. Рабига үшінші рет қаржыландыру алып, «Фридом Банк Қазақстан» АҚ-нан несие рәсімдеді. Сонымен қатар «Даму» қоры кепіл сомасының 85 пайызына кепілдік ұсынды. Бұл өндірістік жабдықтарды жаңартып, кәсіпорынды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.

Бүгінде фабрика өнімдері Алматы, Астана, Ақтөбе және Орал қалаларында сатылымға шығарылады. Ассортимент жыл сайын жаңартылып, кеңейіп отырады. Барлық өнімдер сертификатталған және ГОСТ талаптарына толық сәйкес келеді.

Жеткен жетістіктерге қарамастан, Рабига Байтемирова мұнымен тоқтап қалуды жоспарламайды. Оның басты мақсаты – қазіргі кәсіпорынды Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал болатын, ондаған әрі жүздеген атаулы ойыншық шығаратын ірі зауытқа айналдыру. 

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Қапал батыр көшесі, «Оңтүстік» индустриялық аймағы
Байланыс: 8 775 733 19 68