Кеңес ал!
«Danico» ательесінің негізін қалаған кәсіпкер Сабыр Акбота тігін өнерінің қыр-сырын бала кезінен меңгерген. Бұл іске оны әжесі мен анасы баулыды. Уақыт өте келе ол кәсіби тұрғыда өсу үшін қосымша білім қажет екенін түсініп, Италия стиліне қызығып, жеке тігін шеберлерінен үш айлық арнайы курс оқуды. Осылайша түрлі үлгіде киім тіге бастады.
Алдымен Акбота күндіз-түні жұмыс істеп, үйде отырып тапсырыс қабылдады. Кейін кәсіпті кеңейту туралы ой пайда болғанымен, «қайдан бастау керек, қаржыны қалай табамын, бәсекеге төтеп бере аламын ба?» деген күмән мен қорқыныш қатар жүрді. Себебі еліміздегі киім нарығында Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркия елдерінен келетін өнімдер басым еді. Қазақстандағы дүкендердің басым бөлігі шетелдік тауарларға толы, ал отандық тігін өндірісі саусақпен санарлық болатын.
Алдымен арнайы жұмыс киімдерін тігіп көру шешімі қабылданды, алайда бұл бағытта бәселекестер көп болып шықты. Нарықты мұқият зерттей келе, Акбота балалар киімі сегментінің әлеуеті жоғары екенін аңғарды. Өйткені Қазақстанда жыл сайын шамамен 400–450 мың сәби дүниеге келеді. Осы факторды ескере отырып, кәсіпкер балалар киімін өндіруге бет бұрды және бұл идея өзін толық ақтады.
«Жолдасым екеуміз қарапайым ұялы телефонды алып, 2GIS қосымшасы арқылы Шымкент қаласында балалар киімін сататын 272 дүкен бар екенін анықтадық. Барлық мекенжайлар мен байланыс нөмірлерін дәптерге жазып, дүкендерді жеке аралап, иелерімен бетпе-бет таныстық. Өзіміз тіккен киімдерді көрсетіп, ұсындық. Ашық әрі тікелей сөйлесудің нәтижесінде кәсіпкерлер бізге сенім білдіріп, тапсырыс бере бастады», – дейді Акбота. Уақыт өте келе тапсырыстар Қызылорда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Алматы және Астана қалаларынан да түсе бастады. Сұраныс артқан соң компания өнімдерін көтерме бағамен сатуға көшті.
Осылайша, 2020 жылы «Danico» ательесінің негізі қаланды. Алғашында екі ғана тігіншімен жұмыс бастаған кәсіпорында бүгінде жиырмаға жуық маман еңбек етуде.
2021 жылы мемлекеттік қолдау шаралары туралы білген Акбота Шымкент қаласындағы «Даму» қорының филиалына жүгінді. «Бизнестің жол картасы–2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында компания айналым қаражатын толықтыру үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы қаржыландыру алды. 2022 жылы бизнесті одан әрі кеңейту мақсатында кәсіпорын мемлекеттік қолдауды қайта пайдаланып, «Ұлттық жоба» шеңберінде жабдық сатып алуға қаржы тартты. Ал 2025 жылы Акбота үшінші рет мемлекеттік қолдауға жүгініп, «1-Кепілдік қоры» бағдарламасы аясында айналым қаражатын толықтыру үшін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы қаржыландыру алды.
Шымкент қ., Қызыл-Жар шағынауданы, Қос-Диірмен, 2/1
Байланыс телефоны: +7 707 569 28 05
Instagram: @danico.kz