Кеңес ал!

14.01.2026

Атырау қаласында «ITC WEST» заманауи логистикалық орталығы ашылды. Бұл нысан Қазақстанның батыс өңіріндегі азық-түлік өнімдерін сақтау және тарату бойынша ең ірі кешендердің бірі саналады. Жоба агрологистика инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын тұрақтандыруға және жергілікті өндірушілерді қолдауға ықпал етеді.

Соңғы жиырма жыл бойы Бауыржан Жолмұхановтың басшылығымен жұмыс істеп келе жатқан «Жолмұханов» ЖК Атырау облысының нарығында өз орнын нық қалыптастырып, бизнестегі тұрақтылық пен кәсібиліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінде компания: азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс, жобалау, іздестіру жұмыстары, девелопмент, өндіріс, қонақүй бизнесі, медициналық орталықтар, логистика сияқты бизнестің көптеген бағыттары бойынша белсенді түрде дамып келеді.

Бұл логистикалық орталық қаланың өндірістік аймағында, 30 гектар аумақта орналасқан. Ол «А» санатындағы заманауи қоймалармен, теміржол қатынасы бар контейнерлік алаңмен, жеке көлік инфрақұрылымымен және өндірістік ғимараттармен жабдықталған. Бес теміржол тармағы ірі жүк ағындарын тиімді өңдеуге және тұрақты логистикалық бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Орталықта 50 жаңа жұмыс орны ашылды.

Ерекше назар аудартатыны – жалпы аумағы 8200 шаршы метрді құрайтын, жоғары технологиялы заманауи көкөніс сақтау қоймасы. Кешеннің сыйымдылығы 15,5 мың тонна көкөніс пен жеміс-жидекті қамтиды. 28 климаттық камерада температура мен ылғалдылық –25 °C-тан +25 °C-қа дейін дәл реттеледі. Автоматтандырылған бақылау жүйелері оңтайлы микроклиматты сақтап, өнімнің балғын күйін жыл бойы, оның ішінде маусымаралық кезеңде де қамтамасыз етеді.

Орталықтың бірегей жаңалығы – өңірде алғаш рет енгізілген банан пісіріп-жетілдіру камерасы. Бұл технология сұранысқа қарай жемістердің пісу үдерісін басқаруға мүмкіндік беріп, сауда желілері үшін тауар түрлерін кеңейтуге және жеткізілімдердің икемділігін арттыруға жағдай жасайды.

«Жолмұханов» ЖК жобасы «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылды. Қаржыландыру мөлшерлемесі 19,75%-ды құрайды, оның 10,75%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады, ал қалған 9%-ын компания өзі өтейді.

Бүгінде «ITC WEST» логистикалық орталығы өзінің экономикалық тиімділігін айқын көрсетуді жоспарлап отыр: логистикалық шығындарды азайтып, жеткізу мерзімдерін қысқартып, өнімді жоғары сапада сақтауды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта кешеннің қызметі Атырау облысында бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып, өңірлік логистикалық жүйенің маңызды буынына айналмақ.

Мекен жайы: Атырау қаласы, Гурьев снаб,130

Байланыс телефоны: +77010447755

инстаграм: @itcwest.atyrau