Кеңес ал!

21.01.2026

Бакыткүл Рысмағанбетқызы Шмакова — 18 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар білікті ұстаз және білім беру саласындағы кәсіпкер. Ол жас кезінен бастап балаларды үлкен сүйіспеншілікпен оқытып, білім беруді өзінің өмірлік миссиясына айналдырды. Балалармен жұмыс жасау және олардың психологиясын терең зерттеу арқылы ол өз әлеуетін, ішкі мүмкіндіктері мен мақсаттарын айқындады.

Педагогикамен қатар кәсіпкерлікке деген қызығушылығын сезінген Бақыткүл Рысмағанбетқызы 2017 жылы жұбайының қолдауымен жеке білім беру орталығын ашты. Алғашында бұл шағын бастама еді: аз көлемдегі бастапқы капитал, жалдамалы ғимарат және 5–6 мұғалімнен құралған ұжым. Алайда дәл осы қадам оның табысты кәсіби және кәсіпкерлік жолының бастауы болды.

Бүгінгі таңда «Шмакова» жеке кәсіпкерлігі өңірдегі ең сұранысқа ие әрі табысты білім беру орталықтарының бірі ретінде танылып отыр. Қызметінің алғашқы кезеңімен салыстырғанда орталықтың ұжымы едәуір кеңейіп, қазіргі уақытта 15–16 білікті педагогты қамтиды. Сонымен қатар білім беру орталығы Жезқазған қаласында екі филиал арқылы қызмет көрсетуде.

Орталық қызметінің басты ерекшелігі — балаларға арналған нейрооқыту бағдарламалары.
Нейрооқыту: зейін, есте сақтау, ойлау және сөйлеу қабілеттерін дамытады, ми қызметінің қағидаттарына негізделген арнайы әдістемелер арқылы жүзеге асырылады, нейропсихологиялық жаттығуларды, қозғалыс пен тыныс алу практикаларын, ойын элементтерін қамтиды. Бұл тәсілдер ми жартышарлары арасындағы байланысты нығайтып, СДВГ, даму кешеуілі және оқудағы қиындықтар сияқты мәселелерді түзетуге көмектеседі. Нәтижесінде бала үшін оқу үдерісі тиімді әрі үйлесімді өтеді.

Бақыткүл Рысмағанбетқызы өз ісіне үлкен жауапкершілікпен әрі сеніммен қарайды, себебі ол білім алуға және дамуға ешқашан кеш емес деп есептейді. Оның пікірінше, үздіксіз өзін-өзі жетілдіру, ой-өрісті дамыту және дүниетанымды кеңейту кез келген жаста маңызды. Осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, ол балаларға арналған бірқатар оқу құралдары мен кітаптарды әзірлеп, жарыққа шығарды. Атап айтқанда, 4–5 жас аралығындағы балаларға арналған «Сиқырлық әріптер», «Қызықты математика», «Әдемі жазу» кітаптары, сондай-ақ 8–16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Даналық мектебі» және «Мен жеңімпазбын» еңбектері бар.

Сонымен қатар жеке кәсібін бастауды ойлап жүрген немесе кәсіпкерлік жолында жүрген ересектерге арналған «Сиқырлы күнделік», «Сәтті оқу орталық бизнесі» және «Оқу орталық басшысының күнделігі» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Аталған еңбектерінде автор өзінің жеке тәжірибесімен бөлісіп, практикалық кеңестер ұсынады. Бұдан бөлек, Бақыткүл Рысмағанбетқызы Қазақстанның түкпір-түкпірінде балаларды дамыту мен тиімді оқыту әдістемелеріне арналған оқыту курстары мен семинарлар өткізеді.

Компания құрылған сәттен бастап және қызмет ету кезеңі ішінде бірнеше рет мемлекеттік қолдауға ие болды. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті дамытуға арналған гранттар мен субсидиялар, сондай-ақ «Damubala» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік тапсырыстар ұсынылды.

Сонымен бірге компанияға «Өрлеу» бағдарламасы шеңберінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен «Банк ЦентрКредит» АҚ тарапынан қолдау көрсетіліп, бұл білім беру орталығының қызметін кеңейтуге және екінші филиалды ашу мақсатында коммерциялық жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндік берді.

Бақыткүл Рысмағанбетқызы қол жеткізген жетістіктерімен шектеліп қалуды көздемейді. Жақын болашақтағы жоспарларының қатарында Жезқазған қаласында балалар мен ересектерге арналған білім беру бағытындағы 2–3 қабатты жеке ғимарат салу бар.

Кәсіпкерлерге арнаған үндеуінде Бақыткүл Рысмағанбетқызы:

«Кәсіпкерліктің түпкі миссиясы — тек табыс табу емес, ең алдымен халыққа қызмет ету. Қоғам мен елдің дамуына өз үлесіңді қосуға ұмтылу маңызды», — деп атап көрсетеді.

Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы, Алашахан даңғылы 11;

Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы, Алашахан даңғылы 13;

Instagram: dana_bala_zhez;

+7 705 466 7656 – Шмакова Бахыткуль Рысмаганбетова