«KazAgroTumar» ЖШС - республикада аналогы жоқ биотехникалық кешенде «ЭКСС-КАТ» сауда маркасымен органикалық тыңайтқыштар шығарады. Өнім жергілікті шикізаттан дайындалады. Бұл ой кәсіпкерге 2012 жылы келіп, шетелдік өндірушілердің тәжірибесін біраз зерттеген.
«Бұл таза стартап жоба болды. Алдымен инвестиция қажет еді. Біз органикалық тыңайтқыштарды өндіру жобасының авторын тауып, Павлодар аумағында осы өнімді шығару туралы келісімге қол қойдық. Бизнес жоспар құрып, барлық кіріс-шығысты есептедік. Мәселе қаржыға келіп тірелді. Біз екінші деңгейлі бірнеше банкке жүгіндік. «Forte Bank» жобаны қолдады», - дейді Қожамжарова Айгүл Қайыргелдіқызы.
2016 жылы компания «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша қолдау алды. Сұйық биогумус өндіретін зауыт құрылысына қажет 21 млн теңге несиені «Forte Bank» АҚ жылына 17%-бен берді. Оның 10%-ын мемлекет субсидиялап, компания несиені тек 7%-бен өтейді.
2019 жылы компания түйіршіктелген тыңайтқыш өндіру желісін ашуды қолға алғанда да мемлекеттік қолдауды пайдаланды.
«Жаңа желі ашу үшін біз тағы да мемлекеттен қолдау алмақ болдық. Бұл жолы да «Forte Bank» АҚ арқылы 60 млн теңге несие алдық. Бұл жолы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Даму» Қоры екі бірдей қолдау көрсетті. Біріншіден – несиенің жылдық 15%-ының 9% сыйақы мөлшерлемесін субсидиялап, компания тек 6%-ын ғана төлейді. Екіншіден банк алдында кепілхат жетпегендіктен «Даму» қоры 29 589 893 теңге, яғни несие сомасының 49%-ына кепіл болды. Мемлекеттің қолдауы бізге бизнес ашуға мүмкіндік беріп, оны жүзеге асыруда да шешуші рөл атқарды деп сеніммен айта аламын. Егер мемлекеттің қолдауы болмаса, бизнестегі көптеген идеялар тек идея түрінде ғана қалар еді», - дейді Айгүл Қайыргелдіқызы.
Компания басшысының айтуынша, бастапқыда жаңа өнімді таныстыру, өткізуде қиындықтар болғанын айтады. Есесіне, қазір отандық, сапалы тыңайтқышты Павлодар облысының шаруа қожалықтары жаппай қолданады.