Домбыра мен қобызға деген махаббат қазақтың қанында бар. Халық ықылым заманнан бері қос ішектің күмбірі мен қобыздың баяу сазы арқылы қайғысы мен қуанышын, сағынышын үнсіз, тілсіз жеткізіп келген.
Әбілқасым Байбұланов студент кезінен бастап, домбыра мен қобыз жасауға құмартқан жан.
«Ермек етіп істі қолға алған кезде алғашқы шапқан аспаптарыма балаларым мен туыстарым ие болды. Алғаш рет қызыма арнап алғашқы домбырамды жасағаным әлі есімде. Содан кейін ұлттық нақышта кәдесыйлар, ыдыс-аяқтар жасап, туыстарыма сыйлағам», - деп еске алады Әбілқасым.
Оқуын аяқтаған соң Әбілқасым мен әйелі Қарағанды облысының Сәтпаев қаласына жұмысқа жолдамамен келді. Онда 20 жылдан астам шахтада геолог болып жұмыс істеді.
- «Осы жылдар ішінде мен өзімнің хоббиімді ұмыта алмадым. Өзіме, туыстарыма және тапсырыс берушілерге жасап отырдым. Жылдар өте келе шахтадағы жұмыс денсаулығыма әсер етті. Сондықтан, әйеліммен ақылдаса келе осы ұлттық нақышта домбыра, қобыз, кәдесыйлар және ағаштан жасалған бұйымдар шығаратын шеберхана ашпақ болдық», - дейді Әбілқасым.
2018 жылы «Атамұра» ЖК тіркеуден өтіп, «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант алу байқауына қатысты. Ұтып алған қаражатқа олар Қытайдан ағаш өңдеуге және тегістеуге арналған станок, жұмыс құралдары мен шығын материалдарын сатып алды.
«Шеберхананы кеңейтіп, облыстың барлық музыкалық мектептерін аспаптармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», - дейді кәсіпкердің жұбайы Назым Байбұланова.
Қазір шеберханада 2 адам жұмыс істейді және ай сайын төрт домбыра мен бір қобыз шығарады. Атамұра ЖК жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «ULTTYQ ÓNIM» отандық өндірушілер көрмесіне тұрақты қатысып келеді
Мекен-жайы: Қарағанды облысы, Сәтпаев қ., Абай к. 67-6
E-mail: nazimka68@mail.ru
Телефон: 87022726626, 87053325558