Пандемиямен бірге кірген дағдарыс кейбір шағын және орта кәсіпкерлер үшін өркендеу уақыты болды. Дер кезінде шешім қабылдап, жағдайға қарай бейімделе білу де шеберлік. Солардың бірі – Қазақстан нарығында бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ақтаулық «Жекенова Әсел» ЖК. Негізінен «Дария» брендімен жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға арналған киім және аксессуарлар тігумен айналысады.
«Біздің кәсіпорын балалар мен ересектерге арналған спорттық киім тігуге де маманданған. Наурыз айынан бастап дүкендеріміз жабылды. Бірақ маскалар қат болған кезде қолдан тігу туралы өтініштер түсе бастады. Алдымен цехта қалған 100% мақта матадан тіге бастадық. Бұл бір рет қолданылатын маскаға ұқсас, бірақ екі қабатты қарапайым түрі болды. Тағуға, тыныс алуға ыңғайлы. Тапсырыстар артты. Кейіннен маскаларды көптеген мекемелер көптеп сатып алды», – деді Әсел Жекенова.
Кәсіпкер аймақтың табиғи-климат жағдайын ескере отырып маскалардың жаңа моделін әзірледі. Құрамында 95% мақта және 5% эластан бар тоқыма матаны қолдана бастады. Өлшемдері әр алуан болды. Клиенттерге маскаларды брендтеу нұсқалары ұсынылды.
Қазір «Дария» брендінің өнімдері Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалаларындағы «Дария» дүкендерінде сатылады. Тапсырыстар әлеуметтік желілер арқылы ұйымдардан, блогерлерден, Ақтау және Маңғыстау облысының тұрғындарынан келіп түседі. Кәсіпорында білікті 15 маман жұмыс істейді. Бұл – өнімнің сапасына кепілдік береді.
«Дария» бренді жыл сайын елордада өтетін «Ulttyq ónim» көрмесіне қалмай қатысады, «Сәби» қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Өз бизнесіңді жаса» республикалық байқауының жеңімпазы. Кәсіпкер тігін өндірісін кеңейтуге 50 000 $ көлемінде өтеусіз грант та ұтып алған.
Әсел тігін цехын салу үшін «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы 84 ай мерзімге, жылына 15%-бен қарыз алып, оның 9%-ын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мемлекет субсидиялады. Сонымен қатар банк талап еткен кепілдік жетпеген кезде бағдарлама аясында «Даму» Қорының кепілдігін де алды.
Мекен-жайы: Ақтау қ., ш. а.15, 12/1 ғимарат.
Тел: +7 701 802 28 88
Эл. пошта: dshop.kz@mail.ru
Instagram: dariya_wear