menu
Жабу

Кеңес ал!

Le Modulor компаниясының идеядан заманауи жоғары технологиялық өндіріс деңгейіне дейінгі қалыптасу жолы

17.02.2026

Кәсіпкерлікте «бір түнде табысқа жету» туралы әдемі аңыздар сирек кездеседі. Тұрақты бизнестің артында жылдар бойғы еңбек, ондаған стратегиялық шешімдер және ең бастысы — өзара мықты тұстарын біріктіре алатын адамдар тұрады. Le Modulor жиһаз компаниясының тарихы — дәл сондай мысал. Бұл — бір емес, екі кәсіпкердің тәжірибесі, стратегиясы және өндірістік шеберлігі тоғысып, ауқымды өндірістік кәсіпорынға айналған жол.

Бүгінде олардың өндіріс алаңына кіргенде автоматтандырылған станоктардың бірқалыпты үні мен материалдардың мінсіз дәлдікпен кесіліп жатқанын көріп, бұл істің бастапқыда өндірістен басталмағанына сену қиын. Аман Маликов кәсіпкерлікке корпоративтік саладан келді. Toyota Center компаниясында алты жыл және Volkswagen жүйесінде төрт жыл жұмыс істеуі оған жүйеліліктің нағыз мектебі болды: сапа стандарттары, қатаң қаржылық тәртіп, клиенттік сервис және нақты жолға қойылған бизнес-процестер. Ол ірі бизнестің қалай жұмыс істейтінін терең түсініп, бұл қағидаттарды жеке ісінде де тиімді қолдануға болатынын білді.

Алайда жиһаз саласына ол жалғыз келген жоқ. Оның серіктесі — Бағдат Темір, тәжірибелі практик, технолог, өндіріс үдерістерін жетік меңгерген маман. Егер Аман стратегия, даму бағыты және қаржылық модельдер тұрғысынан ойласа, Бағдат тұтынушының қолына тиетін түпкі нәтиже үшін жауап берді: сапа, дәлдік, технология және цехтағы өндірістік үдерістердің ұйымдастырылуы. Бұл серіктестік формалды сипатта болған жоқ — бұл рөлдерді сауатты әрі үйлесімді бөлу еді. Бірі жүйені құрса, екіншісі оның ішкі беріктігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етті.

Олар өз жолын шағын шоурумнан бастады. Даңғаза уәделерсіз, бірақ мұқият ойластырылған өнім желісімен және әр бөлшекке деген жоғары жауапкершілікпен. Клиенттер кәсіби көзқарасты бірден сезінді және қайта оралып отырды. Сұраныс артып, тапсырыстар саны көбейген сайын бір шындық айқындала түсті: шынайы ауқымда даму үшін меншікті өндірістік цикл қажет.

Жеке цех ашу туралы шешім компания үшін стратегиялық әрі нақты бетбұрыс кезең болды. Кәсіпкерлер «Банк ЦентрКредит» АҚ-на жүгініп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жүзеге асыратын өндірістік сектор субъектілеріне арналған мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланды. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі бар несие іске қосу кезеңіндегі қаржылық жүктемені едәуір төмендетіп, негізгі ресурстарды технологиялық базаны дамытуға бағыттауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар кепілдік базаны қамтамасыз ету мақсатында кепілдендіру құралы қолданылып, тиімді шарттармен қаржыландыруға қол жеткізілді.

Нәтижесінде заманауи өндірістік станоктар сатып алынып, толыққанды цех ұйымдастыру үшін өндірістік ғимарат жалға алынды.

Компания алғашқы кезеңнен-ақ автоматтандыруға басымдық берді. Бүгінде цехта автоматты кесу функциясы бар жоғары деңгейде автоматтандырылған станоктар жұмыс істейді. Бұл жай ғана қолайлылық емес — миллиметрлік дәлдік, адами факторды барынша азайту және өндіріс мерзімін қысқарту.

Материал таңдауға деген көзқарас — компанияның жеке философиясы. Le Modulor Италия, Германия, АҚШ, Қытай және Түркия елдеріндегі жеткізушілерден шикізат пен фурнитура сатып алады. Еуропалық сапа стандарттары, заманауи технологиялар және өзіндік құнның оңтайлы теңгерімі компанияға баға арқылы емес, орындалу сапасы арқылы бәсекеге түсуге мүмкіндік береді.

Өндіріс тұрақты жолға қойылғаннан кейін серіктестер тағы бір маңызды қадам жасады — бұл жолы қарыз қаражатын тартпай. Өз инвестициялары есебінен бастапқы несие сомасына шамалас қаржыға қосымша бес станок сатып алынды. Бұл шешім компанияның тек өсіп қана қоймай, қаржылық тұрғыдан да нығайғанын көрсетті.

Бүгінде Le Modulor — жеке өндірістік цехы бар және 7000-нан астам жобаны сәтті жүзеге асырған толыққанды өндірістік кәсіпорын. Әрбір асүй, гардероб немесе коммерциялық интерьердің артында жай ғана жиһаз емес, тұтас жүйе тұр: стратегия, технология және серіктестік.

Компания жыл сайын қызметкерлер санын арттырып, тапсырыстар географиясын кеңейтіп, нарықтағы позициясын нығайтып келеді. Алайда оның басты активі — жабдық немесе айналым көлемі емес. Негізгі капитал — корпоративтік басқару тәжірибесі мен өндірістік шеберлікті үйлестіре білген екі кәсіпкердің берік одағы.

Le Modulor тарихы — құзыреттерді сауатты бөлу, мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану және автоматтандыруға инвестиция салу арқылы қолөнерді индустрия деңгейіне көтерудің жарқын үлгісі. Бұл — тұрақты өсімнің кездейсоқтық емес, жүйелі еңбектің және ұзақ мерзімді мақсатқа деген сенімнің нәтижесі екенін дәлелдейтін оқиға.

Астана, Нұрмағамбетов көшесі, 27

+7 771 02 33 22

Instagram: @lemod_astana