menu
Жабу

Кеңес ал!

«Домико» - махаббатпен жасалатын жиһаз

23.02.2026

Балаларға арналған жиһаз шығаратын «Домико» компаниясы өз кәсібін бизнес-жоспардан немесе ақша табу туралы ниеттен бастамады. Бұл – бір отбасының балаға деген шексіз махаббаты мен мейірімінен туындап, біртіндеп кәсіпке айналған ерекше оқиға. Компания директоры Назерке Матайбай күнделікті «Монтессорри» әдісімен жасалатын жиһаздың әртүрлі түрлеріне тапсырыс қабылдайды, себебі бұл өнімдер балалардың дамуына зор үлес қосады және нарықтағы қарапайым жиһаздан айқын ерекшеленеді.

Бастапқыда Назерке мен күйеуі жаңа туған ұлына ойдағыдай, өздері қалаған төсек таба алмай, оны қолдан жасауға бел буған. Жертөледе күйеуі қарапайым зімпара қағазы мен ескі бұрағыштың көмегімен ұлына алғашқы ағаш төсекті құрастырды. Назеркенің айтуынша, сол кездері оларда жиһаз өндірісі туралы түсінік те, тәжірибе де болмаған. Қандай материал қолдану керек, фанера мен ЛДСП-ның айырмашылығы қандай, ағашты қалай өңдеу керек — бәрін бірте-бірте тәжірибе арқылы үйренді. Ал төсек бірнеше рет тегістеліп, одан әрі жақсара түсті.

Қызығушылық үшін хабарландыру жариялады және ол хабарландыруда –«балаларға арналған төсек жасаймыз» - делінген екен. Солай бірінші тапсырыс келіп, клиенттен жақсы пікір түскен соң, екінші-үшінші тапсырыстар да қосылды. Бұл бастама осылай шағын кәсіпке айналды.

Назерке 2020-жылы ұлы Данияр шамамен бір жарым жасқа келгенде оның басқа балалардан ерекшеленетінін байқады. Ол ұлының өз атына жауап қайтармай, оған сөйлеу, меңгеру жағы қиынға соғып жатқанын көрді. Бірнеше тексерістен кейін балада аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы қойылды. Оңалту орталықтарына бір жылдан аса бар күшін арнап, сол орталықтардан «Монтесорри» әдісімен алғаш танысты. Мамандар бұл әдіс - балаға өз бетінше әрекет етуге, қозғалу арқылы баланың ми жүйесін одан әрі дамытуға, ойлау қабілетін арттыруға көмектесетінін түсіндірді. Сол сәттен бастап, Назерке мен күйеуі басқа ата-аналарға пайдасын әкелетін және сапасы жағынан да мықты болатын жиһаз түрін шығаруға шешім қабылдады.

Бұл ретте «Даму» қорының қолдауы маңызды рөл атқарды. Назерке 2025 жылы «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында тиімді пайыздық мөлшерлемемен «Халық Банкінен» қаржыландыру алып, жиһаз өндірісіне қажетті жаңа жабдықтарды — станоктар, бояу және қаптау құралдарын сатып алды. Сонымен қатар, бұған дейін алынған несиесі де қордың қолдауымен тиімді шарттар негізінде қайта қаржыландырылды.

Өндіріс қарқыны артып, ассортимент кеңейді, тіпті, шетелден де тапсырыстар қабылданатын болды. Нәтижесінде, қазіргі кезде, ассортиментте 20-дан астам балаларға арналған жиһаз түрі жасалынып, тапсырыс көлемі 1,5–2 есеге ұлғайды, кәсіп те кеңейді.

Бүгінде компания бірнеше функционалды шешім ұсынады. Пиклер кешені атты жиһаз құрамында Пиклер үшбұрышы, арка-әткеншек, сырғанақ-скалодром және аркаға арналған матрас секілді жиһаздың түр-түрі бар. Бұл жиынтық баланың қозғалыс арқылы үйлесімді дамуына, сенімділік пен координациясын қалыптастыруға көмектеседі. Сондай-ақ, үйге арналған мини-спортзал бар: баспалдақ, гимнастикалық сақиналар, тор және әткеншек - балаларға өрмелеуге, асылып тұруға, секіруге мүмкіндік береді. Бұл әрине, балалардың бұлшық еттерін нығайтады, энергияны тиімді жұмсауға, баланың зейінін арттыруға мүмкіндік береді. 20-дан астам жиһаздың барлығы 50-60 кг салмаққа бағытталған және Қазақстан бойынша барлық қалаларға жеткізіледі.

«Домико» - тек кәсіп емес, балаға деген махаббаттан туған, баланың қауіпсіз және уақытылы дамуына бағытталған ортасын құруға арналған бизнес. Қамқорлық пен еркіндік - компанияның басты құндылығы болып қала береді.

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылы

Тел.: +7 701 944 3446

Сайт: https://detskayamebel.kz/

Instagram: domiko_ala