menu
Жабу

Кеңес ал!

Ақтөбелік кәсіпкердің табыс тарихы: этникалық киім брендінің дамуы

19.02.2026

Тлеужанова Асылзат Абзалқызы – Ақтөбелік кәсіпкер, этнодизайнер, ұлттық қазақ мәдениетін заманауи тұрғыда дамытып жүрген өкіл. Ол кәсіпкерлік жолын 2016 жылдан бастап, үйден балаларға арналған киімдер, белдемшелер және аты жазылған футболкаларды жеке тапсырыспен тігуден бастаған. Жалғыз өзі еңбек ете жүріп, уақыт өте келе өнім түрлерін кеңейтіп, сөмкелер, бас киімдер мен жайнамаздар тіге бастады. Осылайша өзіндік стилін қалыптастырып, тұрақты тұтынушылар жинақтады.

Ұлттық дәстүрлерді заманауи сән арқылы сақтап, кеңінен насихаттауға деген ұмтылыс оның кәсіпкерлік жолындағы басты мотивациясына айналды. Уақыт өте келе бұл іс хоббиден өмірлік маңызды, саналы кәсіпке ұласты. 2023 жылдың соңында Асылзат мемлекеттік гранттық бағдарламаға қатысып, соның нәтижесінде өндірістік цехқа арналған ғимаратты жалға алып, алғашқы қызметкерін жұмысқа қабылдады. 7-8 ай ішінде тапсырыс көлемі айтарлықтай өсіп, сұраныс артты, клиенттердің географиясы кеңейді.

Өндірістің өсуі келесі маңызды стратегиялық қадамға негіз болды - жеке ғимарат сатып алу. 2025 жылдың тамыз айында «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның несиелік қаражаты мен «Даму» қорының мемлекеттік қолдауы арқылы ғимарат сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрақты өндірістік база құрылды. Бұл шешім бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда цехта 8 қызметкер еңбек етеді, ал кәсіпорын негізінен этникалық киім өндіруге маманданған.

Бренд ассортиментіне тақиялар, шапандар, көйлектер, костюмдер және бас киімдер кіреді. Барлық өнімдер дәстүрлі қазақ ою-өрнектері мен заманауи дизайнерлік шешімдерді үйлестіру арқылы жасалады. Өндірісте киіз ерекше орын алады. Асылзат арнайы киіз басу өнері бойынша оқудан өтіп, қол еңбегін өнімдерге енгізді: киімдер мен шапандардағы дизайнерлік киіз элементтері, сондай-ақ ұлттық өрнекпен безендірілген таза киізден жасалған бас киімдер брендтің айрықша ерекшелігіне айналды.

Өндірісте қолданылатын маталар Корея мен Индонезиядан жеткізілетін жеткізушілерден сатып алынады. Бұл серіктестік Алматы қаласы арқылы жолға қойылған және тұрақты түрде жалғасып келеді. Бренд өнімдері күнделікті киюге де, салтанатты шаралар мен мәдени іс-шараларға да сұранысқа ие. Тапсырыстар Қазақстанның түрлі өңірлерінен түсуде.

Кәсіпкердің бастапқы мақсаты - жұмыссыз әйелдерді жұмыспен қамту. Бұл идея оның балалық шағынан қалыптасып, қолөнер шеберлері болған ата-анасынан дарыған.

Қазіргі таңда Асылзат Абзалқызы - этнодизайнер әрі Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшесі. Алдағы жоспарлары бизнесті ауқымды түрде кеңейту, жұмыс орындарының санын арттыру және брендтің нарықтағы үлесін ұлғайту, өнімдерді бүкіл Қазақстанға таныту. Асылзат Абзалқызы үшін кәсіпкерлік - тек табыс көзі ғана емес, ұлттық болмысты сақтау мен әйелдерді шығармашылық еңбек арқылы қолдауға бағытталған маңызды миссия.

Мекенжайы: Ақтөбе, Ағайынды Жұбановтар көшесі, 295.

Байланыс деректері: +7 707 883 0056

instagram: @asylzat_abzalkyzy_aktobe