«Асал» компаниясының тарихы 2022 жылдың қаңтар айында – қарапайым, бірақ шын мәнінде маңызды идеядан басталды. Оның негізін қалаушысы Капезова Асем Мұратбековна, қала тұрғындарының көпшілігі сияқты, ауыз судың сапасы туралы жиі ойланатын. Краннан ағатын су әрдайым сенім ұялата бермейтін, ал денсаулық – үнемдеуге болмайтын ең басты құндылық. Сол кезде күмәнсіз сенуге болатын өнім – әр отбасыға арналған таза әрі қауіпсіз су өндіру туралы шешім қабылданды.
Осы идеядан «Асал» ЖК тарихы бастау алып, «Первая» сауда маркасымен ауыз су өндірісін іске қосты. Алғашқы күннен бастап компанияның басты ұстанымы – өнім сапасы мен адамдарға деген қамқорлық болды. Бастапқы кезеңде кәсіпорын жеке тұлғалар мен шағын ұйымдарға қызмет көрсетіп, суды үйлер мен кеңселерге дейін жеткізді. Әрбір жаңа тапсырыс жай ғана сатылым емес, сенімді нығайтуға жасалған қадам еді. Бедел адал еңбек, ұқыптылық және тұтынушылардың денсаулығына жауапкершілікпен қарау арқылы қалыптасты.
Сұраныстың артуын ескере отырып, компания 19 литрлік бөтелкелерге су құюға арналған заманауи жабдықтарға инвестиция салды. Бұл даму жолындағы маңызды кезең болды: өндіріс жылдамдығы артты, сапа тұрақтылығы күшейді, ал жеткізу географиясы бүкіл қала мен жақын маңдағы елді мекендерді қамтыды.
Уақыт өте келе ортақ идея төңірегіне пікірлес жандардан құралған команда жиналды. Бүгінде компанияда он қызметкер еңбек етеді – өндіріс мамандарынан бастап логистер мен жеткізу жүргізушілеріне дейін. Әрқайсысы мыңдаған адамның денсаулығына қамқорлық жасау жолында өз үлесін қосуда.
Өндіріс көлемі артқан сайын жаңғырту мен кеңейту қажеттілігі туындады. 2023 жылы кәсіпорын «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» аясында «Alatau City Bank» АҚ өндірісті кеңейтуге несие қаражаттарын тартты. «Даму» Қорының пайыздық мөлшерлемені 23,75%-дан 8%-ға дейін субсидиялауына байланысты несие шарттары барынша тиімді болды. Бұл өндірістік қуаттарды арттыруға, жабдықты жаңартуға және ішкі процестерді оңтайландыруға мүмкіндік беріп, бизнесті тұрақты әрі тиімді етті.
Жаңа деңгейге шығуды мақсат еткен компания 2025 жылы мемлекеттік қолдау құралдарын қайта пайдаланды: «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан несие алынды. Сонымен қатар, кәсіпорын «Даму» қорының «Кепілдік қоры 1» бағдарламасы аясында кепілдік беру құралын пайдаланып, несие сомасының 42%-ы мөлшерінде мемлекеттік кепілдік алды. Мұндай қолдау жаңа мүмкіндіктерге жол ашты – кәсіпорын мемлекеттік сатып алу нарығына шықты. Бүгінде «Первая вода» қаланың мектептеріне, медициналық мекемелеріне және мемлекеттік ұйымдарына жеткізіліп, тұрғындардың денсаулығына күнделікті қамқорлықтың бір бөлігіне айналды.
Бар-жоғы бірнеше жыл ішінде жеке тәжірибеден туған идея тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан бизнеске айналды. «Асал» ЖК тарихы – батылдық, еңбекқорлық және мемлекеттік қолдау бағдарламаларын тиімді пайдалану шағын бастаманы қалалық ауқымдағы сенімді кәсіпорынға айналдыра алатынының жарқын үлгісі.
Компания алдағы уақытта да сенімді қадаммен алға жылжуды көздейді: өндірісті одан әрі кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және клиенттер санын арттыру жоспарлануда. Бірақ ең бастысы өзгермейді – өнім сапасы мен адамдарға деген шынайы қамқорлық әрқашан бірінші орында.
Петропавл қ, Чкалов к-сі, 48в
+7‒777‒777‒13‒07
Instagram: @pervayavoda