Қызығушылықтан — табысты іске

04.03.2026

Даурен Мирзарахимұлы жастайынан металл конструкцияларын жасаумен әуестенген. Уақыт өте келе ол өзінің осы қызығушылығын өмірлік ісіне айналдырып, металл бұйымдарын өндіру саласында кәсіпкерлік қызметті бастауды шешті. Оның негізгі қызмет бағыты — металл есіктер, терезелер, есік пен терезеге арналған торлар, металлдан жасалған сәндік элементтер, қоршаулар мен қақпалар, сондай-ақ үй мен бақшаға арналған эксклюзивті жиһаздар дайындау болды.

Кәсіпорынның осы саладағы басқа компаниялардан ерекшелігі — шығарылатын өнім түрлерінің кең ауқымында. Даурен стандартты металл есіктер, терезелер, қоршаулар мен қақпалардан бөлек, Жезқазған қаласында қоғамдық көлік аялдамаларын, қоқыс контейнерлері мен балалар алаңдарына арналған урналарды дайындап, орнатумен де айналысады. Сонымен қатар ол әлеуметтік жобаларға ерекше көңіл бөледі — кәсіпорын балалар үйлеріне арналған ойын алаңдарын дайындап, орнату жұмыстарын да жүзеге асырады.

Көптеген кәсіпкерлер сияқты, Даурен де өз бизнесін дамыту жолында өндірістік ресурстар мен қаржы қаражатының жетіспеушілігі сияқты бірқатар қиындықтарға тап болды. Осыған байланысты 2025 жылы ол «Даму» қорының қолдауына жүгініп, «Банк ЦентрКредит» АҚ-мен бірлесіп несие қаражатын алды. Нәтижесінде компанияға «Кепілдік қоры 1» бағдарламасы аясында несие сомасының 27%-ы мөлшерінде Қор кепілдігі ұсынылды.

Бүгінде кәсіпорын бастапқы кезеңмен салыстырғанда қарқынды дамып, өз өнімдерін Ұлытау облысында табысты жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар компания тек өңірде ғана емес, оның өнімдері Астана, Шымкент қалаларына және еліміздің басқа да өңірлеріне жеткізіледі.

Осылайша, Даурен Мирзарахимұлының тарихы — тек табысты кәсіпкерліктің мысалы ғана емес. Бұл — жанға қуаныш сыйлайтын іс қоғамға пайда әкеліп, сонымен қатар тұрақты табыс көзіне айнала алатынын дәлелдейтін жарқын мысал.

Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы, Ұлытау көшесі 1

+7 778 798 07 70