06.03.2026
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев ҚР жаңа Конституциясы жобасының ережелерін түсіндіруге арналған кездесу өткізді.
Іс-шараға Алматы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Махамбет Хасенов, Respublica партиясы Алматы филиалының төрайымы Шолпан Әбдіхалықова және Respublica партиясынан Алматы мәслихатының депутаты Қайрат Бегалин қатысты.
Кездесу барысында спикерлер биыл 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға азаматтардың саналы түрде қатысуының маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ата заң жобасын әзірлеу ашық және жүйелі сипатта болғандығы, құжат ресми түрде 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны және еліміздің барлық азаматтары танысқаны да аталды.
Кездесуге қатысушыларға мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, бір палаталы парламент — Құрылтайды қалыптастыруға, жалпыұлттық диалог алаңы ретінде Халық Кеңесін құруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының вице-президенті институтын енгізуге бағытталған жаңа конституция жобасының негізгі ережелері туралы айтылды. Цифрлық ортада адам құқын қорғау конституциялық деңгейде шоғырланып, сот төрелігі жүйесіндегі адвокатураның рөлін күшейтуге ерекше назар аударылды.
Соңында Қор қызметкерлері сұрақ қойып, өзгерістерді талқылауға мүмкіндік алды.