Кеңес ал!

20.02.2026

Алматы облысы Жамбыл ауданында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Құсайын Серік – кірпіш шығару өндірісін дамытып отырған жергілікті кәсіпкерлердің бірі. Мамандығы құрылысшы болғандықтан, ол құрылыс саласының ерекшеліктерін жақсы біледі және осы тәжірибесін кәсіпке айналдыруды мақсат еткен.
Құсайын Серік құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, 2023 жылдан бастап жеке кәсібін бастайды. Ол алғашқыда құрылыс материалдарына деген сұранысты зерттеп, нарықтағы қажеттілікті анықтауға ерекше көңіл бөлген. Шамамен 5–6 жыл бойы құрылыс материалдарын зерттеп, тәжірибе жинақтаған кәсіпкер кейіннен блок кірпіш өндіру ісін қолға алады.

Алғашқы кезеңде кәсіпті дамыту оңай болмаған. Өнімге сұраныс жоғары болғанымен, өндірісті кеңейтуге қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеуі қиындықтар туғызған.
Кәсіпті дамыту жолында 2025 жылы Құсайын Серік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы Банк ЦентрКредит банкінен төмен пайыздық мөлшерлемемен субсидия алған.
Алынған қаржыға кәсіпкер кірпіш және басқа да құрылыс материалдарын өндіруге арналған заманауи станоктар мен қажетті құрал-жабдықтарды, сондай-ақ өндіріс үшін қажет шикізатты сатып алады. Бұл қолдау өндіріс көлемін арттырып, кәсіпті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Бүгінде Құсайын Серік басқаратын «Бекарыс» жеке кәсіпкерлігі тұрақты жұмыс істейтін өндіріс орнына айналды. Қазіргі таңда кәсіпорында ай сайын 20 мыңнан астам кірпіш өндіріледі.

Өндірілген құрылыс материалдары Жамбыл ауданындағы әртүрлі ауылдарға тасымалданады. Алдағы уақытта бірнеше зауыт ашып, тек аудан бойынша ғана емес, облысқа шығу да жоспарда бар, дейді кәсіпкер. Кәсіпкердің басты мақсаты – жергілікті өндірісті дамыту арқылы өңір экономикасына үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашу.

Осылайша, қарапайым құрылысшыдан өндіріс иесіне дейінгі жолды жүріп өткен Құсайын Серіктің тәжірибесі табандылық пен еңбектің арқасында кәсіпкерлік табысқа жетуге болатынын көрсетеді. Мемлекеттік қолдау мен жеке бастаманың үйлесуі өңірлік бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылдық округы, Ұзынағаш ауылы

Тел.: +7 705 220 0955