Кеңес ал!

30.03.2026

 

2024 жылғы 12 қарашада Актау қаласында «Сүбе» дәстүрлі дәм шұжық цех-дүкенінің ресми ашылуы өтті. Компанияның негізін қалаушы әрі директоры Имашева Айгерим бизнесті нақты мақсатпен іске қосты — химиялық қоспасыз, табиғи, халал өнім өндіру, халыққа шынайы таза әрі сапалы тағам ұсыну.

Бастама нық болды, алайда қомақты қаржыны талап етті. Алғашқы партия үшін 10 килограмм ет және 380 мың теңгеге дәмдеуіштер сатып алынды. Бастапқы кезеңде командада бір кассир мен екі аспаз жұмыс істеді. Өндірістік құрал-жабдықтар мемлекеттік қолдау аясында сатып алынып, бұл кәсіпорынның қалыптасуында маңызды қадам болды.

«Сүбе» Дәстүрлі Дәм — Ақтаудағы осындай форматтағы алғашқы шұжық цех-дүкені, мұнда күн сайын жаңа дайындалған өнімнің толық ассортименті ұсынылады. Брендтің басты ерекшелігі — шұжықтың өндірілген күні сатылуы, мерекелік дастарханға арналған өнімдердің кең таңдауы және ұлттық дәстүр мен заманауи технологияның үйлесуі. Ассортиментке табиғи шұжықтар мен ысталған өнімдер кіреді. Барлығы химиялық қоспасыз, халал стандарттарын сақтай отырып өндіріледі. Бастапқы кезеңдегі негізгі қиындықтардың бірі — клиенттердің аз болуы еді. Алайда жүйелі жұмыс, әр екі ай сайын жәрмеңкелерге қатысу, тегін дегустациялар өткізу және көтерме серіктестер санын арттыру нәтижесінде бизнес қарқынды дами бастады. Бүгінде командада 11 қызметкер бар және компания 10 серіктес дүкенмен ынтымақтастық орнатқан. Айгеримнің ең үлкен жетістігі — тұрақты әрі сенімді клиенттік базаның қалыптасуы.

Даму жолында «Даму» қорының қолдауы ерекше рөл атқарды. ЖК Имашева Айгерим КҚ-1 бағдарламасы аясында кепілдік алды. Бұл қосымша жабдық сатып алуға және ысталған шұжық өндірісін іске қосуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғайып, ассортимент кеңейді, ал ысталған өнімдер нарыққа сәтті шықты. Қазіргі таңда «Сүбе» Дәстүрлі Дәм өнімдерін фирмалық дүкеннен және серіктес дүкендерден сатып алуға болады. Алдағы жоспар — бүкіл өңірді қамту, франшизаны дамыту және алдағы 1–2 жыл ішінде ірі өндірістік цех салу. Айгерімнің сенімі бойынша, табысқа жету үшін ынтамен жұмыс істеп, ешқашан тоқтамау керек. Оның ұстанымы — Аллаға тәуекел ету, батыл әрекет ету және алғашқы мықты идеяны жүзеге асыру. «Мақсат қойыңыз, нәтижені көз алдыңызға елестетіңіз және тоқтаусыз еңбек етіңіз. Ерекшеленуден және жаңашыл болудан қорықпаңыз» — бүгінде дәл осы философия «Сүбе» дәстүрлі дәм бренді дамуының негізіне айналған.

Маңғыстау облысы, Ақтау қ., 18-шағын аудан, 12-үй
Байланыс нөмірі: +7 775 881 63 03
Әлеуметтік желі: @subeli_as