Кеңес ал!

06.03.2026

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округі, Көкөзек ауылында кәсіпкер Абибилла Шынтемірұлы Орумбеков жиһаз өндірісімен айналысады.

Кәсіпкерлік жолын Абибилла Шынтемирұлы 2020 жылы бастаған. Ал оған дейін Алматы қаласындағы «Барахолка» базарында тауар сатумен айналысқан. Сол кездері үйіне жиһаз қажет болып, жиһаз шығаратын цехқа барған соң, жиһаз шығаруға деген қызығушылығы ояна бастайды. Нарықтағы өнімдерді зерттей отырып және базарлардағы жиһазға деген сұранысты көрген соң, жиһаз өндірісімен айналысқан тиімді екенін түсінеді.

Алғашқы қадамдарын кәсіпкер өз қаражатына распиловочный станок, компрессор секілді үстел жасауға арналған бірнеше құрал-жабдықтарды алудан бастайды.

«Ең басында мен үшін дайын үстелді өткізу мен клиент табу біраз қиыншылық тудырды. Сол себепті, бұл мәселені шешу үшін інім мен жиенімді де тартып, Қазақстанның әр өңіріне, соның ішінде Ақтау, Астана, Тараз, Шығыс Қазақстан, Атырау, сондай-ақ Батыс Қазақстанның базарларына, сауда орталықтарына көлікпен барып, өзіміздің байланыс телефондарымызды қалдырып, дүкендермен байланыс орнатып, клиенттік базамызды біртіндеп қалыптастырдық. Дайын үстелді базарға көтерме бағамен өткізіп, солай пайда тауып жүрдік», – дейді Абибилла Шынтемирұлы.

Қазіргі уақытта кәсіпкер әртүрлі үлгідегі үстелдерді шығарады. Олардың қатарында асүйлік үстелдер, қонақүйге арналған үстелдер және тапсырыс берушінің талабына сай дайындалатын жиһаз түрлері бар. Өнімнің дизайны клиенттің сұранысына сәйкес жасалады. Жиһаздарды жеткізу жағынан мәселе жоқ, себебі логистикалық камаздар арқылы үстелдерін Қазақстан бойынша барлық қалаларға жеткізетінін айтты.

2025 жылы кәсіпкер өндіріске қажетті құралдарды алу үшін Алматы облысы «Даму» қорының қолдауымен «Банк ЦентрКредит» арқылы тиімді пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру алды. Алынған қаражат есебінен кәсіпкер жаңа өндірістік цех салып, қосымша заманауи құрал-жабдықтар сатып алды. Олардың қатарында фрезерлік (ЧПУ) станок, раскроечный станок, компрессор, тігін станоктары және жиһаз өндіруге қажетті 5–6 өңдеу станоктары бар.

Қазіргі таңда кәсіпорында 8 адам жұмыс жасайды. Өндіріс көлемі біртіндеп артып, тапсырыстар саны көбейіп келеді. Айына 30-дан астам үстел шығарады.

Кәсіпкердің айтуынша, жаңа цехтың іске қосылғанына көп уақыт болмағандықтан, өндіріс әлі де даму кезеңінде. Алдағы уақытта жиһаз түрлерін көбейтіп, диван, ас үй жиһазы, сондай-ақ корпустық жиһаз өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.

Бүгінде кәсіпкер шикізат жеткізетін компаниялармен сенімді қарым-қатынас орнатқан. Дайын өнімдерді Алматы қаласындағы ірі базарларға көтерме бағамен өткізіп келеді.

Абибилла Орумбековтың айтуынша, кәсіпкерлік жолы оңай болмағанымен, еңбек пен табандылықтың арқасында өндірісті дамытуға мүмкіндік бар. Ал мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау кәсіптің дамуына жаңа серпін берген.

ЖК «Орумбеков»

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округы, Көкөзек ауылы

Тел.: +7 701 576 7547